Құрлық пен судағы ең үздік фотосуреттерді атап көрсететін «Жылдың үздік тұмса табиғат фотосуретшісі» байқауының биылғы жеңімпаз туындылары анықталды.

Вим ван ден Хеевер, тұмса табиғат бойынша жыл фотосуретшісі
Автор: Ричард Кемени
Өзінің үздік фотосуретін түсіру үшін Вим ван ден Хееверге он жыл қажет болды. Ол оңтүстік Намибия жағалауындағы кеншілердің тастанды қалашығындағы ізі мен нәжіс қалдықтарын байқап, әлемде ең сирек кездесетін қорқау – қоңыр қорқауды фотоға түсірудің орайы келгенін сезді. Атлант мұхитынан көтерілген тұман ішіне фототұзақ құрды да, күтіп отырды. Ұзақ күтті.
Ван ден Хеевердің сарқылмас сабыры мен табандылығының қайтарымы –түнделете жортып жүрген қоңыр қорқаудың «мінсіз композицияда» – қаңырап қалған ғимарат қирандысының жанында түсірілген фотосуреті. «Елес қалаға келген қонақ» фотосуретінің арқасында ол Лондондағы Жаратылыстану тарихы мұражайының 61-ші «Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы» деген мәртебелі марапатты иеленді.
«Бұл сурет – тұмса табиғаттың адамзат өркениетін өз иелігіне қайтарып алуының ерекше әрі тылсым көрінісі іспетті, – дейді байқаудың қазылар алқасының мүшесі Аканкша Суд Сиңх баспасөз хабарламасында. – Фотосурет жоғалтудың, төзімділіктің әрі табиғат әлемінің үнсіз жеңісінің көп қырлы тарихын баяндайды. Ол тұмса табиғат пен қоршаған ортаны қорғау саласындағы фотосуреттердің ұмытылмас бөлігіне айналмақ».

Фернандо Фациоле, «Жылдың тұмса табиғат фотографы»
Биылғы жылдың жеңімпазы фотосуретке қалай түсірді?
Тек түнде әрі саяқ жүретін қоңыр қорқаулар көзге сирек ілігеді, оны фотоға түсіру оңай емес. Дегенмен олардың Намиб шөліндегі жағалауға бара жатқанда жолай алмас өндірушілердің бұрынғы мекені, қазір қирандыға айналған Колманскоп елді мекенінен өтетіні белгілі. Қорқаулар онда түкті итбалықтардың күшіктерін не толқын шайып шығарған өлекселерді іздеп барады.
Ван ден Хеевер оларды тікелей өзі таспалай алмайтынын түсініп, қашықтан түсіру үшін фототұзақ құрды. Алайда бұл әдіс жарықтың дұрыс түспеуі, аппараттың қателесіп іске қосылып кетуі және шөлден келетін құм дауылдары секілді бірқатар жаңа қиындық тудырды. Ол осы фотосуретті түсіруді ойға алғаннан он жыл өткен соң ғана, сансыз көп сәтсіз талпыныстан кейін ақыры діттегеніне жетті. «Қуанғаннан төбем көкке жеткендей болды, – дейді Ван ден Хивер, – Бақыттан басым айналып, сәтті кадр шыққанына сене алмадым».
Фотосуретші үшін осы туындыда мынадай қарапайым ғана ой бар: тұмса табиғат бізден бөлек яки алыс емес. «Тіпті біздің қалаларымызда, урбанизацияланған жерлерде де табиғат бізбен қатарласа өмір сүрудің жолын табады. Біз оларды құшақ жая қабылдауға дайын болсақ, бірге өмір сүре аламыз. Жалпы алғанда, айтпағым – осы», – дейді ол.

Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда, тұмса табиғат бойынша жыл фотографы

Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда, тұмса табиғат бойынша жыл фотографы

Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда, тұмса табиғат бойынша жыл фотографы
Байқау жеңімпаздары тұмса табиғатқа төніп тұрған қауіп-қатерге назар аударады
Биыл байқауға қатысушылардың саны рекорд орнатты – 113 мемлекет мен аумақтан 60 636 жұмыс келіп түсті. Бас жүлдеден бөлек, байқауда тұмса табиғатқа арналған қосымша 18 номинация бойынша жүлде беріледі.
Бразилиялық фотосуретші Фернандо Фациоленің жол апаты салдарынан жетім қалып, оңалту орталығында кешкі тамақтандырудан кейін бағушысының соңынан еріп бара жатқан алып құмырсқажегінің баласын көрсететін «Жолдағы жетімдер» фотосуреті биылғы жылдың Impact Award жүлдесін жеңіп алды. Өмір сүруге керек машықтарды меңгергеннен кейін балақай табиғатқа қайта жіберіледі.
«Аулаудың соңы» атты портфолиосында испан фотосуретшісі Хавьер Азнар Гонсалес де Руэда АҚШ-тағы адам мен жылан арасындағы күрделі қарым-қатынасты көрсетеді. Фотограф адамдар көбіне жек көретін, сонымен бірге озық медицинаның зерттеу нысанына айналған бұл жыландарды қорғауға қоғам назарын аударғысы келеді. Осы фотосуреттер мен ондағы хикая Руэдаға фототілші аталымында жеңіске жеткізді.

Йон А. Хуарес, жылдың үздік тұмса табиғат фотографы
Байқаудың көптеген номинациясында жүлде бір фотосуретке берілсе, Портфолио жүлдесі фотографтың бірнеше фотосуреттен тұратын ауқымды жұмысына беріледі. Биыл бұл марапат Ресейдің солтүстігі, Сібір мен Азияның шалғай жерлеріндегі таңғажайып көріністерді дрон арқылы түсірген, фотографияны өз бетінше үйренген Алексей Харитоновқа бұйырды. Оның «Мұз мотивтері» мен «Тайгадағы ай» деп аталатын екі фотосуретінде мұз боп қатқан көл мен айналасы мұзбен, қарағаймен және шымтезек мүгімен қоршалған шөптесін төмпешік көрінеді.
Тәжірибелі фотографтардың таңғажайып туындыларын марапаттаумен қатар, бұл байқауда тұмса табиғатты түсіретін жас фотосуретшілерге арналған арнаулы жүлделер де қарастырылған.
18 бен 26 жас аралығындағы жас әрі болашағынан үміт күттіретін фотографтарға берілетін «Жас жұлдыз» аталымының жеңімпазы –германиялық фотограф Лука Лоренц. Лука өз туындысында Германиядағы қала ішіндегі көлде аққулардың арасынан жарқ етіп, назарды өзіне аударған бетпақ мінезді сазқұндызды көрсеткен. Сазқұндыздар алғашында Оңтүстік Америкадан Еуропаға терісі үшін әкелінген, бүгінде олар әлемнің түкпір-түкпіріне кең тараған.
15–17 жас аралығындағы қатысушыларға арналған «Жылдың жас табиғат фотографы» жүлдесін италиялық Андреа Доминитси жеңіп алды. Ол Италиядағы Лепини тауларында ұзынмүйізді қоңыздың тынығып тұрғанын байқап, суретке түсірді. Бұл жерде бұрын шамшат ағаштары кесілген. Қазір қаңырап қалған ауыр техника фонында түсірілген «Қираудан кейін» атты фотосурет табиғи мекеннің жойылуы мәселесін көтереді.
Осы жылғы жеңімпаз фотосуреттердің көпшілігі тұмса табиғат тіршілікте қалу үшін қалай күресіп жатқанын баяндайды.
Биыл байқау тарихында алғаш рет жеңімпаз суреттер Лондондағы Табиғат тарихы музейінің Биологиялық әралуандықтың сақталу индексімен қатар қойылады. Бұл көрсеткіш белгілі бір аймақта бастапқы биоалуандықтың қаншалықты сақталғанын анықтап, табиғатты қорғау бағытындағы халықаралық прогресті бақылауға мүмкіндік береді. Индекстің көрмеге енгізілуі келушілердің адам әрекеті салдарынан ғаламшар экожүйелерінің қалай өзгеріп жатқанын түсінуіне жол ашады. Түрлердің жойылу қарқыны күшейіп тұрған қазіргі таңда бұл аса өзекті.
Байқау жеңімпаздарының көпшілігі Жердегі биоалуандықтың жойылып кетуін жылдар бойы таспалап, құжаттап келді. Олар осы істі бұдан әрі де жалғастыра бермек.

Ральф Пейс, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы
14 қазанда өткен марапаттау рәсіміне қатысу үшін фотография жабдықтарын біраз уақыт смокиңге ауыстырған Ван ден Хеевер енді Фолкленд аралдарына жол тартпақ. Бұл жер – әлемнің шалғай әрі табиғаты бұзылмаған аймақтарының бірі. Ол мұнда жаңа кейіпкерлері – пингвиндер, теңіз пілдері, теңіз арыстандары мен қарақас альбатростарды суретке түсіруді көздеп отыр. «Бұл – ең әдемі әрі нағыз еркіндікті сезінуге болатын сирек жерлердің бірі», – дейді ол.

Цинжун Ян, жылдың үздік тұмса табиғат фотографы

Аудун Рикардсен, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

Джорджина Стейтлер, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

Шұбар муреналар толқын соғатын аймаққа жақсы бейімделген: олар өткір иіс сезу және көру қабілеттерін пайдаланып судың үстінде де, астында да қорек аулай алады. Кейде 30 секундтан астам уақытқа су сыртына шығады.
Шейн Гросс, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

Куентин Мартинес, тұмса табиғат бойынша жылдың үздік фотографы

Чиен Ли, Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы

Лука Лоренц, Жылдың үздік тұмса табиғат фотографы

Деннис Стогсдилл, Жылдың үздік табиғат фотографы

Алексей Харитонов, Жылдың үздік табиғат фотографы

Алексей Харитонов, Жылдың үздік табиғат фотографы

Андреа Доминици, Жылдың үздік табиғат фотографы

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.
