Біз джунглидің ең үлкен құпиясын ашу үшін 50 күнімізді сарп еттік. Үндістанның шығысында орналасқан Одиша штатындағы Симилипал қорығында қиыршық тасты жолдармен жүріп отырып, ағаштар арасын көзбен шолып, T12 аталып кеткен әйгілі жолбарысты көруге үміт арттық. Келбеті ерекше бұл жолбарыс қазір тағдыры қыл үстінде тұрған популяцияның нышаны еді.
Мәтін мен фотолардың авторы: Прасенджит Ядав
Бұл сапардағы серігім – аймақтық орман шаруашылығы департаментінің қызметкері Рагху Пуртидің өзі Т12-ні өмірінде көрмеген. Әріптестері де оны фототұзақтағы суреттерден ғана біледі. Ал жолбарыспен көзбе-көз кездесу – жануардың жай-күйін жақсылап аңғаруға тамаша мүмкіндік. Т12-ні ресми тіркеу арқылы көру тіпті ғажап болар еді, өйткені оңаша өмір сүретін он жасар бұл жолбарыс Симилипалдағы ең қарт аталық саналып, болашақ ұрпақты сақтап қалу жолындағы шешуші жоспардың кілті болып тұрған-ды.

Елуінші күні түс ауа алдымыздан қараңдаған әлдене атып шықты. Тежегішті басып үлгердім. Алдымызда жолды кесе өтіп, алып жолбарыс бізге тесіле қарады, кәрі аталық екен. Ең қызығы, ол біз қанша күннен бері іздеген жануардың нақ өзі еді.
Жолбарыстың қарақошқыл жүні жұлым-жұлым жамылғыны еске салатын. Денесінің әр тұсынан ара-тұра қызғылт-сары жолақтар байқалса, беті мен алдыңғы аяқтарында мұндай белгілер анығырақ көрінеді. Жолбарыстың қара түсті жолағының әдеттегіден жалпағырақ болуымен сипатталатын, өте сирек ұшырасатын бұл генетикалық мутация ғылымда псеудомеланизм деп аталады. Симилипал қорығында тіршілік ететін отыз шақты жолбарыстың шамамен жартысына осы құбылыс тән. Бір жағынан, бұл – оларды қорғау ісінің нәтижелі екенін айғақтаса, екінші жағынан, үлкен қауіптің нышаны. Өйткені кейінгі жылдары Симилипалдағы жолбарыс саны өскенімен, бұл қорық басқа жолбарыс түрлері таралған аймақтардан алыс орналасқандықтан, генетикалық қоры сарқылып бара жатқан аралға ұқсап барады.
Біз Т12-ні іздеп дала кезіп жүрген апталарда, оған лайықты жұп табу жұмыстары жүріп жатты. Бұл жылдар бойы ойластырылып келе жатқан нысаналы асылдандыру бағдарламасының шешуші кезеңі еді. Оған табиғатты қорғау қызметкерлерімен қатар, молекулалық экология мен генетика саласындағы жетекші мамандар да жұмылған. Бәрінің ортақ мақсаты – Симилипал жолбарыстарын өзара шағылыса беруден сақтап, оларды жойылып кетуден құтқару.

Үндістандағы жолбарыстардың тағдыры әлемдегі басқа ірі жыртқыштардікімен біршама ұқсас: аңшылық пен тіршілік мекенінің үздіксіз тарылуы салдарынан олар да жойылып кетудге шақ қалды. 70-жылдары бұл аңның күрт азаюы мемлекеттік жолбарыс қорықтары жүйесінің құрылуына себеп болды. Әйткенмен ұзақ уақыт бойы қорықтарда бақылау мен қадағалау жүйесі әлсіз еді. Тек 2005 жылы ғана Үндістан арнайы орталық орган – Жолбарысты қорғау жөніндегі ұлттық басқарма (NTCA) құрды. Қазір бұл мекеме орманшыларды жұмысқа алып, оқытады, ғылыми бақылауды үйлестіреді және 58 қорықта жолбарыстың тіршілік ортасын қорғау шараларын жүзеге асырады.
Қорықтар жүйесінің негізінде маңызды бір қағида жатыр: жолбарыстар әдетте бір қорықтан екіншісіне табиғи дәліздер, яғни арадағы орман алқаптары мен азығы мол аймақтар арқылы өте алады. Мұндай жолдардың пайдасы көп, бірақ ең бастысы – көрші популяциялардың бір-бірімен мауығуына мүмкіндік беріп, генетикалық әртүрлілікті арттырады. Шамамен 2750 шаршы шақырым аумақты алып жатқан Симилипал – Үндістандағы ең үлкен қорықтардың бірі. Оған ең жақын көршілері – оңтүстік-батыстағы Саткосия мен шығыстағы Сундарбан, екеуі де 200 шақырымдай жерде орналасқан. Жолбарыс үшін бұл қашықтық соншалықты үлкен емес.
Бірақ бүгінде Саткосияда жолбарыс қалмаған. Ал Симилипал мен Сундарбанды жалғайтын жөнді табиғи дәліз жоқ. Арадағы аймақ көбіне урбандалған не аграрлық мақсаттағы жерлерден және ұлан-ғайыр күріш алқаптарынан тұрады. Сондықтан жолбарыстар үшін Симилипалға кіру де, одан шығу да оңай емес.
2006 жылғы NTCA санағы бойынша Үндістан аумағындағы жабайы жолбарыс саны шамамен 1400-ге жетті – бір ғасыр бұрын ғана олар 40 мыңнан асатын. Ал Симилипалдағы жағдай тіпті мүшкіл еді: 2014 жылы мұнда қалған небәрі төрт жолбарыстың біреуі ғана аталық болатын. Дегенмен сол аталықтан өмірінің соңына таман, 2015 жылы жүнінде қара түсті жолақтары басым Т12 жолбарысы дүниеге келді. Кейін оның ізінен де бірнеше еркек күшік ерді.
Соңғы жиырма жылда Үндістандағы жолбарыс саны қайтадан арта бастады. Бұған көп жағдайда Жолбарысты қорғау жөніндегі ұлттық басқарма (NTCA) мен орманшылардың жүйелі жұмысы себеп болды. 2022 жылғы есеп бойынша елде 3 100-ден астам жолбарыс бар. Ал Симилипал қорығында соңғы он жыл ішінде жолбарыс саны баяу болса да, тұрақты өсіп келеді. Бұл құбылыс әуелде құдды бір жетістік тәрізді көрінгенімен, көп ұзамай қорық мамандары бір ерекшелікті байқайды: атақты Т12-нің терісіндегі қарақошқыл түс енді жаңа туған күшіктерде көбірек кездесе бастаған. Орманшылар мен генетиктердің айтуынша, бұл ерекшелік – зиянсыз, жай ғана ДНҚ-дағы кездейсоқ мутация.
Алайда сарапшылар бұны алаңдататын белгі деп санайды. Себебі егер осындай мутация Симилипалдағы популяция арасында тым тез тараса, демек генетикалық ұқсастықтың шамадан тыс жоғары екенін, яғни жақын туыстан туған жолбарыстар көбейгенін көрсетеді. Бұл жағдайдың алдын алмаса, әлдеқайда қауіпті генетикалық ауытқулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан бүгінде Үндістанның жетекші мамандары үшін басты міндет – жолбарыс санын көбейтумен қатар, туыстық мауығу тізбегін үзіп, генетикалық әртүрлілікті сақтау болып отыр.
Жолбарыстар үшін «генетикалық құдалық» жасау оңай емес. T12 мен оның ұрпақтарына лайықты жұп табу үшін Симилипалға араша түскісі келетін ғалымдар қазіргі жолбарыстардың ғана емес, өткен дәуірдегі жолбарыстардың да айырмашылықтарын түсінуі керек.
Осы ізденіс жолында молекулалық эколог Ума Рамакришнан жақында Орталық Үндістандағы шағын қала – Акалтарада орналасқан бір зәулім үйдің аңшылық олжалары қойылған бөлмесіне келеді. National Geographic зерттеушісі әрі Бангалордағы Биологиялық ғылымдар ұлттық орталығының зертханасын басқаратын Ума Рамакришнанды бұл жерге Ануфам Сингх Сисодия шақырған-ды. Оның әулеті кезінде 51 ауыл мен оған іргелес орман-тоғай, егіс алқаптарының көсемі болып, жергілікті халықты жыртқыш аңдардан қорғау міндетін атқарған. Әулет аңшылық кәсіптен де кенде болмаған. Бөлме қабырғаларына 1920–1970 жылдары ауланған қарақұйрық, салпыерін аю, төрт мүйізді бөкен тұлыптары тізіліпті. Ал Рамакришнанның алдындағы үстелде жолбарыс терілері жатыр. Жануардың бүтін күйі сақталған үлкен бастары бейне бір ырылдап, айбат шегіп тұрған кейпін еске салатындай. «Қауіпті жолбарыстарды ату – әуестік емес, көбіне саяси қажеттілік еді», – деді Сисодия.
2005 жылдан бері Рамакришнан зертханадағы әріптестерімен және студенттерімен бірге жолбарыстардың ДНҚ үлгілерін жинап, Үндістан жолбарыстары арасындағы генетикалық алуандықтың картасын жасап келеді. Ол Сисодия әулеті иеліктері секілді тарихи жерлерден шамамен 250 үлгі алған. Лондонда орналасқан Жаратылыстану тарихы музейіндегі таксидермия коллекцияларын зерттеген, сондай-ақ үнді ормандарын аралап, тірі жолбарыстардан нәжіс, қан, жүн және сілекей сынамаларын да жинаған. Осы деректер оған жануарлардың уақыт өте қалай өзгеріп отырғанын терең түсінуге мүмкіндік берді.
Жолбарыс бастарының бірін мұқият зерттеген Рамакришнан сексен жылдан аса уақыт сақталған теріге скальпелін абайлап қадады. Асқан ептілікпен оның кішкене бөлшегін қиып алып, құтыға салды да, жоғары көтеріп: «Мынау – нағыз қазына», – деді ол.
Рамакришнан алғаш рет ДНҚ деректер қорын жасай бастағандағы мақсаты далалық бақылау жеткіліксіз саналатын күрделі сұрақтарға жауап іздеу еді. Популяция күрт азайған сайын жол-
барыстар тек мекенін ғана емес, сонымен қатар генетикалық алуандықты да жоғалтты. Ал тарихи ДНҚ сол жоғалған қазынаның ізіне түсіп, генетикалық қорда тағы нендей ерекшеліктер барын анықтауға мүмкіндік берді.
Зерттеудің өзектілігі 2017 жылы одан әрі арта түсті. Сол кезде Үндістанның Жолбарысты қорғау жөніндегі ұлттық агенттігі (NTCA) Симилипал қорығындағы қара түсті жолбарыстарға қатысты алаңдап, оны ресми түрде зерттеуді Рамакришнанға тапсырды. Орманшылар қорық оқшауланған сайын мұның салдары да анық сезіле бастағанын байқаған. Олар ғалымның осы құбылыс себебін айтып, әлдебір шешім ұсынарына үміттенді.
Қорықтағы жолбарыстарды жақыннан зерттеген Рамакришнан көп ұзамай популяция ішінде рецессивті псеудомеланизм гені қарқынды таралып жатқанын аңғарды. Ғалымның айтуынша, генетикалық оқшаулану – уақыт бомбасы іспетті құбылыс. Егер оған дер кезінде шара қолданылмаса, қорықтағы жолбарыстарға үлкен қауіп төнеді.

Ірі жыртқыштарда генетикалық өзгерістердің тағы қандай кеселдерге әкеп соғатынын тап басып айту қиын. Дегенмен Рамакришнан мен әріптестері қолда бар ең жақын салыстыру нысаны – үй мысықтарының генетикалық мутация деректерін талдағанда, олар көздің торлы қабығы атрофиясы, бүйрек ауруы, гипертиреоз сияқты сырқаттарға бейім екенін анықтады. Ал аналық жолбарыстар (өлекшін) екі-үш жыл сайын орта есеппен екі-үштен ғана күшіктейтінін ескерсек, мұндай аурулар тез өршіп, қауіпті салдарға әкеп соғуы ғажап емес.
«Туыстық мауығудың нақты салдарын әлі де толық түсінбедік, – дейді ол. – Бірақ мұндай генетикалық эрозияның еш пайдасы жоғы анық».
Симилипал қорығының басқа аймақтармен байланыспайтынын ескерген Рамакришнан табиғат қорғау басқармасына басқа қорықтан бірнеше ұрғашы жолбарыс әкеліп, осында бейімдеуді ұсынады. Мұнда Т12 немесе оның есейген күшіктерімен шағылысып, жаңа ұрпақ өмірге әкеледі деген үміт еді. Ғалымның айтуынша, бұл генетикалық әртараптандырудың әбден пісіп-жетілген алғашқы қадамы еді. Рамакришнан өз деректерін пайдаланып, Симилипал жолбарыстарының ДНҚ-сын елдегі басқа аймақтармен салыстырғанда, ең бай генетикалық қор, яғни келешекте зиянды белгілердің қайта шығу қаупі ең төмен топ – Үндістанды қақ жарып жатқан Чандрапур аймағын жайлаған Тадоба-Андхари қорығында екенін анықтады.
Әрине, Рамакришнан үшін дұрыс қорық табу бір бөлек те, 140 кг-лық жыртқышты мың шақырымға жуық қашықтыққа көшіру – мүлде басқа шаруа еді.
Былтырғы күздің бір таңында Равикант Хобрагаде Чандрапурдың кең даласына көз жүгіртті. Тұмса табиғат саласына маманданған ветеринар Хобрагаде алдағы бұтаның тасасында отырған жас жолбарысты нұсқады.
Жолбарыстың бұл өлекшіні кейін Жамуна деген атқа ие болды. Ол небәрі 28 айлық еді, бүкіл өмірін Тадоба қорығында өткізген. Жас болғандықтан, оның әлі жеке аумағы да жоқ еді, ең бастысы – адамдарға шапқан кезі болмаған. Сондықтан көшіруге ең қолайлы үміткер ретінде таңдалды.
Жыртқыштарды, әсіресе жолбарыс сияқты ірі әрі аумақшыл аңдарды көшіру – өте қауіпті шаруа. Үндістанда мұндай іске ондаған тексеріс пен рұқсат қажет. Маңызды мәселе – үміткер таңдалған өңірде өлекшіндер азайып кетсе де, популяция тұрақтылығы сақтала ма?! Ал Тадобаға келсек, бұл тұрғыдан алаңдауға негіз жоқ болатын.
Симилипалдан екі есе кіші болса да, бұл қорықта шамамен 95 жолбарыс бар. Бір жақсысы, Тадоба «жолбарыс аралы» емес, табиғи дәліздер арқылы бірнеше қорықпен жалғасқан. Солтүстікте 60 шақырым жердегі Умред-Карландламен, шығыста 110 шақырымдағы Науегаон-Нагзирамен, оңтүстік-батыста 110 шақырымдағы Кауалмен байланысып жатыр. Жолбарыстар үнемі жаңа мекен іздеп сыртқа шығып отырады. Кейінгі он жылда олардың саны артқандықтан, орманда да, ауыл мен егістік маңында да адамдармен қатар өмір сүруге бейімделе бастады. Ал Т12 мен оның тұқымы үшін ең маңыздысы – қорықтардың өзара байланысы жолбарыс гендерінің үздіксіз алмасуын қамтамасыз ету.
Жамуна небәрі бірнеше апта ішінде Симилипалға көшірілген екі тадобалық жолбарыстың алғашқысы болмақ. Егер тәжірибе сәтті өтсе, алдағы уақытта оның артынан басқа жолбарыстар
да осылай көшірілуі мүмкін. Бірақ әуелі Жамунаны ұйықтату қажет.
Дәрімен атып ұйықтатқан Жамунаны жеті ер адам жабылып, зембілге салды да, көлеңкеге
шығарды. Хобрагад жарақат бар-жоғын тексеріп, қан үлгісін алды, мойнына GPS-қарғыбау тағып, жүк көлігіндегі торға орналастырды. Қауіпсіз жерге жеткізілген соң, сергіткіш дәрі егілді. Бірнеше минуттан кейін есін жиған жолбарыс темір торды тырналап, сәлден соң жан түршіктіре ақырды.
Сапар 28 сағатқа созылды. Жүк көлігін шағын топтан құралған мамандар ертіп жүрді. Ал маршрут алдын ала жоспарланып, ірі қалалар мен қатты дыбыстардан қашық бағыт таңдалды. Жол бойы керуен бірнеше рет аялдап, Жамунаға тынығып алуға мүмкіндік беріп отырды.
Ақыры көліктің есігі ашылып, ол жаңа мекені – Симилипалдағы бір гектарлық қоршауға кірді. Екі апта бойы бой үйреткен соң, қақпа қайта ашылды. Бұл жолы тор да, бөгет те жоқ еді. Жамуна Т12 аумағына еркін қадам басты.
Үндістан жолбарыстарының генетикалық алуандығын қайта қалпына келтіру жолындағы ең
шешуші сәт, яғни шағылысу мәселесі әлі де табиғаттың еншісінде. Ал жолбарыстар жұп таңдауда өте талғампаз.
Сөйтіп, қараша айында, Жамуна қорықпен танысып үлгермей жатып, Тадобадан тағы бір ұрғашы жолбарыс – Зинат әкелінді. Оны да дәрімен ұйықтатып, Симилипалдағы арнайы қоршауға
жеткізді. Жамуна жаңа ортаға тез үйренсе, Зинат үйрене алмай, көп ұзамай қорықтан қашып шықты. Орман қызметі оны қайта ұстап, тағы бірнеше апта торда ұстап барып қана Т12 аумағына жіберді.
Жамуна мен Зинатқа GPS-қарғыбаулар тағылды. Бұл орман қызметкерлеріне олардың жүрген жері мен іс-әрекетін үздіксіз бақылауға мүмкіндік берді. Негізгі мақсат – олардың Т12 немесе басқа да аталықтармен жолығу ықтималдығын анықтау еді.
Алайда бақылаушылар Жамуна мен Зинаттың әлі жалғыздан жүргенін көрді. Жолбарыстардың шағылысар кезеңі бірден байқалатын: жұптасқан аңдар апталап бірге жүріп, орман ішінде дыбыс шығарып белгі береді. Бірақ орманшылар Симилипалда өз аумақтарын иелене бастаған екі өлекшіннің Т12-мен бір рет болса да жолыққанын байқай алмады.
Сөйткенде, мамырдың бір түнінде жағдай өзгерді. Орманшылар жылу мен бейнесуреттер камерасынан Зинат пен Т12-нің қатар жүрген сәтін көріп қалды. Бұл олардың мауығу кезеңі басталғанының бұлтартпас дәлелі еді. Осы көрініс генетикалық құтқару жобасының, әзірге түбегейлі болмаса да, үміт сыйлайтынын көрсетті. Жазға қарай Зинаттың алғашқы төлі дүниеге келер сәтті күткен топ жұмысын жалғастырды. Рамакришнан мен шәкірттері Симилипал жолбарыстарының түгі мен тезегінен үлгілер жинап, генетикалық әртүрлілікті тереңірек зерттей бастады. Мамандар Жамунаның да аталық жолбарыспен табысарына сенімді. Қорық қызметкерлері Зинаттың күшіктері Т12-дегідей псеудомеланизм белгілерімен туа ма екен деп тағатсыздана күтіп жүр.
Әзірге қорыққа тағы қанша жолбарыс әкелінетіні белгісіз. Дегенмен табиғи дәліздер түзілмейінше, көшіру шарасы генетикалық әртүрлілікті арттырудың жалғыз амалы болып қала бермек. Ал Симилипал қорығының директоры Пракаш Чанд Гогинени жолбарыстардың болашақта бүкіл аймаққа қайта таралып, іргедегі Саткосия қорығына да орнығуын армандайды.
Мұның бәріне куә болу, Үндістан жолбарыстарының қайта оралу жолында кездескен сын-қатерлерді көзбен көру мені балалық шағымның кейбір сәттеріне жетелейді. Чандрапур маңындағы фермада өскендіктен, өмірім орман мен жануарлардың арасында өтті. Үй иттеріне ат қоюдың өзі ауыр еді, өйткені оларды жиі леопардтар алып кететін. Кейде орманда серуендеп жүріп, жолбарыстікіне ұқсас, бірақ одан да үлкен іздерді көретінбіз. Сол сәтте бойымызды үрей мен қызығушылық қатар билейтін: бізбен бір кеңістікте нағыз жыртқыш жүргенін сезіну ғажап болатын. Фермада жолбарысты кездестірмесем де, бала кезімнен оны түсімде жиі көретін едім.
Содан беріде талай жолбарысты көріп, зерттеп, суретке түсірдім. Бірақ ешқайсысы Симилипалда, Рагхумен бірге жүк көлігінің ішінде отырғандағыдай әсер қалдырған жоқ. Бір сәтке Т12-мен көзіміз түйіскенде, қолыма камера ұстауға да, қимылдауға да батпадым. Адамдардың ізгі ниеті кейде қалай теріс нәтиже беретінінің тірі айғағы – қара жолбарыс дәл алдымда тұрды. Егер бәрі сәтімен болса, Симилипал үшін бұл бірегей жаратылыс уақыт өте келе сирек те ұмытылмас құбылысқа айналар еді. Бұл жануар – жолбарысты сақтаудың жаңа әдістеріне түрткі болған, тұтас ғылыми бағыттың бастауы. Сол сәтте жолдағы небәрі төрт секундқа созылған кездесу маған табиғаттың ғажайып сыйы болып көрінді. Ал Т12 көп тұрған жоқ, еш айбат шекпей-ақ қалың орманға сіңіп жоқ болды.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.
