16Шіл

Жұмақ құстарының жұмбағы

Папуа-Жаңа Гуинеядағы Порт-Морсби табиғи паркіндегі жұмақ құстарының бір түрі – ырылдағыш мылтыққұс (growling riflebird).

Фотосуреттер: Джоул Сартори /National Geographic Photo Ark

Мәтін: Джейсон Биттел

Жұмақ құстары күрделі де сұлу қауырсындарымен, өзіндік ерекше жұптасу биімен күллі әлемді тамсандырып келеді. Олардың кейбір түрі қауырсынын ұзартып, қанатын жайып, тіпті ағаш бұтағына жарқанат сияқты төңкеріле ілініп, бейне бір пішінін өзгертетіндей кейіпке енеді.

Әлемде жұмақ құсы тұқымдасына жататын шамамен 40-қа жуық биологиялық түр бар. Мұндай құстардың барлығы дерлік Папуа Жаңа Гуинея мен оған іргелес аралдарды немесе Аустралияны мекендейді.

«Олар жер бетіндегі ешбір құсқа ұқсамайды», – дейді National Geographic зерттеушісі, фотограф әрі Photo Ark жобасының авторы Джоул Сартори.

Сартори 2006 жылдан бері мейлінше көп биологиялық түрді суретке түсіріп, құжаттамақ ниетпен әлемді шарлап жүр. Ол осы мақала жазылып жатқан сәтте бұрын тіпті түсіне де кірмеген межеге жақындап қалды: Сартори 17 000-нан астам тіршілік иесін фотоға түсіріп үлгерген.

Әдетте Сартори мен командасы әр маңызды межеге жеткенде бір тіршілік иесін таңдап, сол арқылы жетістікті атап өтеді. Дегенмен ол жұмақ құстарына келгенде біреуін ғана таңдау мүмкін болмағанын айтады.

Жуырда Порт-Морсбиден оралған Сартори қауырсыны жарқыраған осы ерекше құстардың ортасында отырғандағы сезімнің қандай болатынын жеткізуге тырысты.

«Маған бәрі қызық болды, – дейді Сартори. – Олар ерекше жуас еді. Әдетте құс менің шатырымда тыныш отырса, бұл оның ақылды құс екенін білдіреді».



(Raggiana bird-of-paradise). Бейне: Джоул Сартори/National Geographic Photo Ark

Photo Ark жобасындағы 17 000-сурет: сол жақта – кіші жұмақ құсы (Lesser bird-of-paradise), оң жақта — Раджиана жұмақ құсы

Ол әсіресе бір жұмақ құсын – көкшіл-күлгін түсті қауырсындары құбылып тұратын керней манукод (Phonygammus keraudrenii mayrii) дейтін қанаттыны есіне ерекше сақтады. Бұл құс үп-үлкен әрі шиедей қызыл көзімен оған тесіле қараған.

«Ол жарық фильтрінен шағылысқан өз бейнесін көріп тұрды», – дейді Сартори.

Сартори әр түсірілімде ұстанатын негізгі қағида – қарапайым ғана артқы фон пайдаланып, тіршілік иесін барынша жақыннан, ірі планда түсіру. Ол мұның мәнісін былай тарқатады: «Қарапайым ақ-қара фон назарды алаңдататын артық дүниелерден арылтып, жануардың көзіне тіке қарауға жол ашады. Сонымен қатар, бұл үлкен-кішілігіне қарамай бар тіршілік иесіне тең қарауға мүмкіндік береді, өйткені мұнда көлемін салыстыру болмайды».

Сартори доллар купюрасынан сәл ғана үлкен құс жөнінде былай дейді: «Мына кіп-кішкентай, ашық қызыл түсті патша жұмақ құсы бар ғой, ол мен үшін пілдей алып».

 Керней манукод (Phonygammus keraudrenii mayrii), Порт-Морсби табиғи паркінде түсірілген



Шектен шыққан эволюция

Мұнда көрсетілген құстарға зер сала қарасаңыз, әр түрінің бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленетінін байқайсыз – бірінің түсі бөлек, екіншісінің пішіні өзгеше, үшіншісінің қауырсыны ерекше орналасқан. Ал енді аталықтар мекиеннің назарын аударуға кіріскен сәтте әрқайсының «қырындау», яки еліктіру тәсілінің де өзінше бөлек екенін көресіз.

Бір-біріне туыс құстар қалайша осыншама әртүрлі болып кеткен?

«Мұндай қайталанбас қауырсындар мен ерекше мінез-құлықтың қалыптасуына жыныстық сұрыпталу арқылы жүретін эволюция жол ашты. Себебі бұл жерде құстар тұтынатын жеміс қоры мол, ал тепе-теңдік орнататын жыртқыштар, яғни осындай «эволюциялық артықшылықты» тежейтін факторлар мұнда жоқ», – дейді орнитолог, Корнелл университетінің Жұмақ құстарын зерттеу жобасының негізін қалаушы әрі жетекшісі Эдвин Скоулз.

Қызығы сол – біз көбіне әдемі қауырсыны бар аталық жұмақ құстарына таңдай қағамыз, ал шын мәнінде жұбын аталық емес, ұрғашысы таңдайды. Яғни осындай көз сүріндірер бейнелердің қалыптасуына ең алдымен дәл солар себеп болған.

Әрине, бұл процесте мекендейтін орта мен географиялық фактор да маңызды. «Жұмақ құстары орман ішінде тұрақты өмір сүреді, олар алысқа ұшып-қонуға бейім емес. Сондықтан жазықтағы өзен аңғарының өзі тау бөктерін мекендейтін түрлер үшін үлкен кедергі. Ешбірі ашық теңізді кесіп өтіп, аралдарға ұшып бармайды», – дейді орнитолог Скоулз.

Жыртқыштардан еркін, бір-бірінен оқшау тіршілік еткен жұмақ құстары уақыт өте таңғаларлық жаңа түрлерге бөлініп кеткен. Кейбірінің дене бөліктері тым ауқымды – мысалы, жібекқұйрық астрапияның (ribbon-tailed astrapia) құйрық қауырсындары өз денесінен үш есе ұзын. Ал салтанатты жұмақ құсы (superb bird of paradise) би билеген кезде қауырсындарын тақылдата дыбыс шығара алады. Ал ырылдағыш мылтыққұс ше (growling riflebird)? Ол ырылдап, құс атаулыға жат үн қатады.

Жұмақ құстарының тағы бір түрі – кішкентай салтанатты жұмақ құсының (lesser superb bird-of-paradise) қауырсыны түскен жарықтың  99,95 пайызына дейін жұтып қоя алатыны дәлелденген. Ғалымдар мұндай қасиетке ультрақара немесе суперқара деп атау берген.

Осының бәрін қорытындылай келе, Скоулз: «Жұмақ құстары – Жер бетіндегі ең әсем, ең ерекше әрі ең алуан түрлі құстардың бірі», – дейді.

PHOTO ARK 17 000 Патша жұмақ құсы (жоғарыда), Раджиана жұмақ құсы (төменде).
Бейне: Джоул Сартори / National Geographic Photo Ark

Жұмақ құстарын қорғау

Photo Ark жобасындағы басқа түрлерге қарағанда бұл таңғажайып құстардың жағдайы анағұрлым жақсы.

«Қуанышымызға орай, қазіргі сәтте бұл құстардың ешбірі жойылу қаупі төнген түрлер қатарына жатпайды», – дейді Скоулз. Дегенмен ол кейбір түрлердің жағдайын нақтылап, тереңірек зерттеу керек екенін де мойындайды. Мұнда көрсетілген құстардың ешқайсысы жойылу қаупі бар деп саналмаса да, жұмақ құстарының жалпы түрлерінің шамамен бестен бірі әлсіз немесе жойылу қаупі төнуі мүмкін деген санатқа енгізілген.

«Жойылып кету қаупі жоғары немесе ең әлсіз түрлер – Жаңа Гуинея маңайындағы шағын аралдарда ғана кездесетін құстар, сондай-ақ оқшау таулы жоталардың биік бөліктерінде тіршілік ететіндері», – дейді Скоулз.

Жалпы алғанда, Сартори Photo Ark жобасындағы суреттер арқылы әлемде қорғауға тұрарлық тіршілік иелері өте көп екенін адамдарға жеткізсем деп үміттенеді.

«Біз аяғымыз жеткен жердің бәріне барып, адамдарға Жер бетіндегі тіршіліктің қаншалық алуан екенін көрсеткіміз келеді. Бәлкім, бұл бір өзгеріске түрткі болар, – дейді Сартори. – Жобаның түпкі мақсаты да осы – жұрттың назарын аудару. Оларды бір сәтке болсын саясат пен спорттан ажыратып, басқа дүниелер туралы ой салу».

«Бұл түрлер біржола жоғалса, біз де олардың артынан кетуіміз мүмкін», – дейді Джоул Сартори.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.