Бұл күндері еліміздің кейбір бөлігінде қар борап, қыс түсіп жатыр. Ал енді бір бөлігінде сарғайған жапырақтарды жел ұшырып бітті: нағыз қара күз басталды. Ал бір ай бұрын ғана ауа райы қандай еді? Алтын күз келіп, жеміс-жидектер пісіп, тіршілік қайнап жатқан еді ғой?! Назарыңызға сондай ерекше мезгілде Атыраудағы күзгі саябақта объективке ілікке құстар жайлы материалды ұсынамыз.
Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Юлия Вахмистрова

Алтын күзде өзгеретін нәрсе – ауа райы мен табиғаттың көрінісі ғана емес. Мәселен, жан-жануарлардың өмірі де маусымдық ырғаққа бағынады. Әсіресе бұл өзгерістерді құстар әлемінде анық байқауға болады. Бала күнімізден құлағымызға сіңген бір тіркес бар – «құстар жылы жаққа ұшады». Бірақ сіздерге бір кішкентай құпияның бетін ашқым келеді: олардың бәрі бір мезетте ұшып кетпейді әрі әрқайсының «жылы жағы» әртүрлі. Кейбір түрлер үшін біздің өлке – туған жер. Олар осында дүниеге келіп, жазды осында өткізеді. Ал балапан есейіп, қанаты қатайған шақта қыстың үскірігінен қашып, алыстағы ыстық елге бағыт алады. Енді біреулер үшін бұл жер – ұзақ жолдағы уақытша аялдама ғана. Ал келесі біреулерге осы өңір – қыстың қақаған суығына қарамастан жайлы мекен.
Міне, сол себепті күз ортасында Атырауда қанаттылардың түр-түрін көруге болады: бірі ұшуға қомданып жүрсе, енді бірі – осы жерге қыстауға жетіп үлгергендер. Аймақты күзгі антициклон жылытып тұрған шақта мен де асықпай қала саябақтарын аралап, жолыққан құстарды фотосуретке түсірмекке бел будым.


Біз жақтағы ешбір күз, ешбір қыс үлкен көкшымшық пен көгілдір шымшықтың шаттыққа толы әуенінсіз өтпейді. Дәл осы екі құс объективіме бірінші болып ілікті. Биыл оларды әдеттегіден ертерек – қыркүйектің басынан-ақ байқай бастадым. Басы қара түсті әрі «бетперде» таққаны – үлкен көкшымшық, ал қауырсынындағы көк реңк анық байқалатыны – көгілдір шымшық. Ол үлкен көкшымшықтың «інісі» секілді көрінеді.
Бұл құстар Атырау өңіріне күздің басында солтүстіктегі ормандардан ұшып келеді де, ағаштар бүршік жарып, күн жылынғанша осында қыстап қалады. Олар нағыз жылы жаққа ұшатын құстардың қатарына жатпайды, керісінше, оларды «көшпелі» құстар санатына енгізе аламыз. Мұндай түрлер алыс сапарға шықпай, тек біртіндеп оңтүстікке қарай ығысып, қорек пен жылы әрі жайлырақ орын іздейді. Бірақ олар ешқашан бір материктің шегінен аспайды.
Жылы маусымда көкшымшықтар негізінен жәндікпен қоректеніп, ауыл шаруашылығына залал келтіретін зиянкестерді жояды. Ал күн суытқанда өсімдік тектес азыққа көшеді. Бұл фотосуретті түсіргенімде, Атырауда күн әлі де жылы еді. Үлкен көкшымшық пен көгілдір шымшық қоңыз, жұлдызқұрт, ұсақ өрмекшілер мен басқа да майда тіршілік иелерін аулап күнелтіп жүр. Бірақ аяз басталысымен жәндіктер жоғалып, құстардың назары өсімдік дәндері мен жеміс-жидектерге ауады. Үйіңіздің ауласына немесе терезе маңына құстарға арналған азық салғыш орнатар болсаңыз, үлкен көкшымшықтар оған міндетті түрде ұшып келеді. Оны жиі-жиі тазалап, шикі күнбағыс дәнімен толтырып тұруды ұмытпаңыз, сонда қыс бойы әсем де шат көңілді құстардың сыңғырлаған үнінен оянып жүресіз.
Күш пен төзімділіктің символы – ементұмсық

Біз жақта қыстап шығатын ементұмсықтардың саны жыл сайын әркелкі болып келеді, биыл әзірге біреуін ғана кезіктірдім. Олар бұл өңірге жергілікті өсімдіктердің дәнегімен қоректену үшін келеді. Оның емендей мықты тұмсығына зер салыңызшы: ементұмсық жаңғақ пен қатты дәндерді 45 килограмға жететін күшпен шағып, ішіндегі нәрлі өзегін азық етеді. Көбіне бұл құсты жиде арасынан кезіктіруге болады. Ол бір орында жайбарақат отырып, айналасын ұзақ бақылағанды ұнатады. Алыстан қарағанда ементұмсық торғайға ұқсайды. Бірақ жуандау келген тұмсығы, қызғылт реңді қауырсыны мен ұшқанда байқалатын ақ-қара құйрығы оны бірден ерекшелеп тұрады.
Қарға мен ұзақ – бірге ұшатын туыс құстар

Қарғатектестер тұқымдасына жататын ақтұмсық қарғалар бұл маңға жуырда ғана көшіп келді. Жаз мезгілінде олар көбіне қаладан тыс, ашық алқаптарда колония болып, топтаса тіршілік етеді. Ал ағаш жапырағы түсіре бастаған сәтте көкте қара құстардың қалың үйірі көріне бастайды.

Бір көргенде ақтұмсық қарғаны кәдімгі қара қарғадан ажырату қиын. Бірақ мұқият қарасаңыз, ерекшелігі бірден байқалады: ақтұмсық қарғаның тұмсығы сұрғылт, басы сәл сүйірлеу пішінді. Тағы бір ерекше белгісі – теңселе жүретіні. Мұндай жүріс құсқа бір мезетте әрі күлкілі, әрі іскер кейіп береді. Бұл қанаттылар бізге солтүстіктен ұшып келеді. Құс үшін ең ауыр мезгіл – қыс. Дәл осы жақтан олар қыстан аман шығуға жететін азық таба алады.

Күзде ақтұмсық қарғалардың қорегі ерекше алуан түрлі болады. Олар бәрін жеп, сол сәтте не қолжетімді болса, соған оңай бейімделеді. Негізгі рационына жауынқұрттар, ірі жәндіктер, бақа, кесіртке мен тышқандар кіреді. Ал қыс түскенде олардың назары өсімдік тектес азыққа – дәнді дақылдар, арамшөп дәндері, жеміс-жидектер, егіс алқабында қалған масаққа ауады.

Ақтұмсық қарғалардың үйірінде әдетте олардың тағы бір туысы – ұзақ құстары кездеседі. Олардың саны ақтұмсық қарғаға қарағанда аздау. Көлемі де кішірек – шамамен көгершін тұрпаттас. Қоныс аудару кезеңінде бұл екі түр жиі бірлесе ұшады. Бірге сапар шегу – көңілді де қауіпсіз.
Ұзақтар да қарғатектестерге жатады, сондықтан олардың арасында ұқсастық аз емес. Дегенмен айырмашылықтары да айқын. Ең әуелі, көлемі кішірек. Екіншіден, тұмсығы шағын әрі ықшам. Ал ең ерекше белгісі – ақшыл көк түсті көзі.
Орманның қорғаны

Ағаштың ұшар басынан тоқтаусыз шығатын қысқа үнді естіген сәтте-ақ, қызыл дағы бар шұбар түсті қанаттыны көргелі тұрғанымды ұғамын. Бұл құс – ағаштарды зиянкестен қорғауға келген үлкен шұбар тоқылдақ! Ағаш қатты зақымданған болса, ол сол жерге қайта-қайта ұшып келіп, тұмсығымен тынымсыз қағып, қабықтың астында жүрген қоңыздар мен құрттарды теріп жейді. Тоқылдақ әдетте ағаш діңін төменнен жоғары қарай спираль бойымен қозғала зерттейді. Қала ішінде оны көбіне биік теректер өсетін жерден көруге болады. Ал жаз мезгілінде орталықта кезіктіре алмайсыз. Ол кезде тоқылдақтар негізінен өзен бойындағы орман-тоғай мен саяжайларда ұя салады.
Ұсақ, бірақ ерекше қонақтар

Ал мына титтей, көзге әрең шалынатын құс – боз сандуғаш. Біздің өңірде ол – «құдайы қонақ». Жылы жаққа бет алған сапарында осы маңға аз ғана уақытқа аялдаған. Ауа райы жұмсақ болып тұрғанда боз сандуғаш ағаштардың әлі сарғая қоймаған жапырақтары арасында жәндік аулайды. Ал суық күшейіп, жәндіктер көзден таса болған кезде, ол оңтүстікке сапарын одан әрі жалғастырып, бізге тек келесі көктемде оралады.

Күз кезінде күтпеген кездесулер де болмай қалмайды. Мәселен, мына жарқын түсті, үні ерекші әнші құстың есімі – алабұлбұл. Алыстан қарағанда ол кәдімгі торғайға ұқсап, қарапайым реңкімен көзге онша түспейді. Бірақ жақыннан үңілсеңіз, оның ең басты ерекшелігі – көк және қызғылт сары түстен тұратын кеудесіндегі таңбасы анық байқалады. Құдды бір мойынорағыш таңып алғандай.
Алабұлбұл, есімінен көрініп тұрғандай, бұлбұлға туыстас болып келеді. Ол көктем кезінде әуезді үнімен айналасын сазға бөлейді. Ал күзге қарай әнші құс тым-тырыс болып, көзге түспей кетеді.

Сарыбас шөжені нағыз «жұлдыз» деуге болады! Оның сары айдаршасын көрген сайын, «демек, ол қайта оралған!», деп, ерешке қуанамын. Әдетте бұл кішкентай қонақ бізге ұзақ аялдамайды.
Осы бір құс Қазақстан мен Еуропадағы ең ұсақ құс саналады. Денесінің ұзындығы 9,5 сантиметрден аспайды, ал салмағы бар болғаны 6 грамм шамасында. Яғни 10 теңгелік монетаның салмағындай ғана!
Жылы маусымда сарыбас шөже қылқанжапырақты және аралас ормандарда тіршілік етіп, шырша мен қарағай бұталарының арасына шағын ұя салады. Күн салқындай бастаған шақта оңтүстікке қарай көшіп, маусымдық қоныс аударады. Ауа райы жылы кезде сарғайған жапырақтар арасында тынымсыз секіріп, ұсақ жәндіктерді аулайды. Ал күз соңына қарай климаты жұмсақ өңірлерге қарай ұшып кетеді.

Күздің көркіне айналған құстардың бірі – құнақтектестер тұқымдасына жататын шұбар шымшық. Кейде оны жаурауық деп те айтып жатады. Біздің өңірге қыркүйектің соңына қарай келіп, сәуірге дейін, яғни қыс бойы біздің өңірде қалады. Шұбар шымшықтар да азық салғышқа соқпай кетпейді – оған тарытектес дақылдардың дәнін салсаңыз, міндетті түрде ұшып келеді.

Аққабақ сайрақ – сайрауықтар тұқымдасына жататын құс. Оны байқамай өту қиын, өйткені ол ағаш басында отырып, өзіне тән сақылдаған дыбыс шығарып, туыстарына үн қатады. Мен де бұл аққабақ сайрақты дәл осы үні арқылы таптым. Ол да өзге қауырсындылар секілді жылы климат іздеп, солтүстіктен осында келген.

Қара сайрауық қазір алтын түстес жапырақ арасынан көмірдей қара қауырсынымен айрықша көзге түседі. Туысы – аққабақ сайрақ пен басқа да сайрауық түрлері сияқты ол да бұл жаққа көбіне қорек іздеп ұшып келген. Жиде, арша, шәңкіш (калина) мен шетен – оның сүйікті асы.
Десек те, оны көру оңай емес. Фотосуретке түсіру үшін бұта арасына жасырынуыма тура келді. Әйтпесе, құс мені байқап қалып, үркіп ұшып кетеді.
Байқауымша, Атырауда қыстайтын қара сайрауықтар Алматыда жыл бойы тұратын туыстарына қарағанда әлдеқайда үркек келеді. Демек, бір түрдің өз ішінде де әрқилы «мінез-құлық» қалыптасатын секілді. Оған тіршілік ортасы мен түрлі жағдайлар әсер ететіндей.
Жиде – құтқарушы ағаш

Байқағаныңыздай, жиде – нағыз құтқарушы ағаш. Оның арқасында қаншама құс түрі қақаған қысты аман өткереді. Атырау облысының топырағы тұзды әрі сазды, климаты құрғақ. Соған қарамастан, бұл қарапайым өсімдік осында жақсы бейімделіп, шөлейт ландшафт арасында тіршіліктің оазистерін қалыптастырады.
Жиденің қалың жапырағы құстарға жел мен суықтан пана болса, жемістері табиғат аса қытымыр болатын айларда таптырмас азық көзіне айналады. Бұдан бөлек, жиде жемісінің дәмі батыс қазақстандықтардың көбіне бала кезден таныс. Аздап құрғақтау келгенімен, дәмі тіл үйіреді. Сірә, мұндай дәм құстарға да ұнайды!
Табиғат әр мезгілде әсем
Міне, саябақтағы бір серуеннің өзінде қаншама түрлі құсты жолықтырдық! Енді ойлап көріңізші, бұл – біздің ендіктегі күзгі биоалуандықтың бір ғана бөлігі. Қараша айы туғанда, бұл жаққа табиғаттың тәртібіне бағынған тағы басқа түрлер ұшып келеді. Қыс кезінде бізге кімдер көрші болмақ? Мұны алдағы уақытта білеміз.
Тұмса табиғаттағы тіршілік жыл он екі ай толастамайды. Көктем мен жазда оның үні жарқын әрі қаттырақ естілсе, күз бен қыста – сәл мұңдылау, бірақ өзінше белсенді. Әр мезгілдің өз сұлулығы бар. Десек те бір нәрсе анық: табиғат үнемі ғажап әрі әрдайым таңдануға тұрарлық.
