Әлемдегі ең үлкен жасыл белдеуді, яғни Амазон тропик орманын көбіне «Жердің өкпесі» деп айтып жатамыз. Тіпті осы тропик орман ғаламдық оттегінің бестен бірін беретініне имандай сенеміз. Алайда ғалымдар осы бір кең тараған пікір шындыққа жанаспайтынын алға тартады. Тропик орманның біз жұтып жүрген оттегі қорына ықпалы азғантай ғана екен.
Автор: Катарина Циммер

Фото: Габби Салазар, Nat Geo Image Collection
Массачусетстегі Woods Hole зерттеу орталығының Амазон бағдарламасын басқаратын Майкл Коэ: «Алапты сақтап қалуға сан түрлі себеп бар, бірақ оттегі ол себептердің қатарынан емес», – деп қысқа қайырады.
Оның айтуынша, Амазон алабындағы ағаштар мол оттегі өндіретіні жайлы пікір физикалық тұрғыдан қисынға келмейді. Өйткені атмосферамызда Жердегі оттегінің бестен бірін шығаруға жетерлік көмірқышқыл газының қоры жоқ.
Орман көмірқышқыл газының әрбір молекуласын жұтқан сайын, дәл сол мөлшерде оттегі өндіріп шығарады.
Ал енді Жер атмосферасының құрамына назар аударайық. Ондағы көмірқышқыл газының үлесі – жарты пайызға жетер-жетпес, ал оттегінің мөлшері – 21%. Мұндай жағдайда Амазон тропик орманының ғаламшардағы оттегінің едәуір бөлігін өндіріп шығуы еш мүмкін емес.
Амазон қанша оттегі өндіреді?
Ғалымдар оны нақтырақ есептеп көрді. Оксфорд университетіндегі Қоршаған ортаның өзгерісі туралы институттың экожүйелер маманы Ядвиндер Малхи 2010 жылғы есептеуіне сүйеніп, құрлықтағы фотосинтездің үштен бірінен астамы, нақтырақ айтқанда, 34%-ы тропик ормандарға тиесілі екенін айтады.
Жер аумағы бойынша, тропик ормандардың шамамен жартысы Амазон алабына тиесілі. Осылай есептеп көргенде, құрлықта шығатын оттегінің шамамен 16 пайызы дәл осы тропик орманның еншісіне жатады.
Ал мұхиттағы фитопланктондар өндіретін оттегіні қоса есептесек, әлемде шығатын оттегінің 9 пайызы ғана Амазон алабына тиесілі болады. (Климат өзгерісіне шешім іздеумен айналысатын Project Drawdown ұйымын басқаратын климатолог Джонатан Фоли бұдан да байсалды болжам ұсынады: оның есептеуінше, Амазон орманы құрлық пен теңізіндегі оттегінің бар болғаны 6 пайызына жауапты).
Бірақ хикая осы жерде аяқтала салмайды. Ағаш оттегіні шығарып қана қоймай, оны қайта жұтатыны да бар. Бұл құбылыс «жасушылық тыныс алу» деп аталады. Оның мәнісі мынадай: өсімдік күндіз бойына жинаған қантты энергияға айналдыру үшін оттегіні пайдаланады. Осылайша, күн сәулесі түспей, фотосинтез тоқтап қалатын түнгі уақытта ағаш өзі шығарған оттегіні қайта «жұта» бастайды.
Малхи бастаған ғалымдардың зерттеу тобының есептеуінше, ағаштар өзі өндірген оттегінің жартысынан сәл астамын осылайша қайта жұтады. Ал қалған бөлігін Амазон алабында тіршілік ететін сансыз микроағзалар пайдаланады. Олар оттегіні тұтына отырып, орман төсін жауып жатқан өлі органикалық қалдықтарды ыдыратады.
Малхи: «Амазония болсын, жалпы алғанда, басқа кез келген биом болсын, олардың [оттегіге қатысты] нақты әсері шамамен нөлге тең», – деп түсіндіреді.
Оттегінің түзілуі мен жұмсалуы арасындағы осындай тепе-теңдіктің арқасында қазіргі экожүйелер атмосферадағы оттегі мөлшерін іс жүзінде еш өзгеріссіз қалдырып отыр.
Қай биом Жердің «тынысын» көбірек «ашады»?
Колорадо штаты университетінің атмосфера зерттеушісі Скотт Денниңнің айтуынша, біз бүгінде дем алып жүрген оттегі – мұхиттағы фитопланктондардың миллиардтаған жыл бойы үздіксіз бөліп, біртіндеп жиған мұрасы. Соның арқасында атмосфера қазіргі тыныс алуға қазіргі күйіне жеткен.
Фитопланктондар шіріп үлгерместен мұхит түбіне батып кетеді. Сөйтіп, тұңғиықта «тұсауланып» қалғанының арқасында ауада мол оттегі қоры жиналды. Әйтпесе, фитопланктон қалдығын ыдырататын микроағзалар оттегіні пайдаланып, оны түгелдей дерлік тауысып қояр еді.
Ауадағы оттегінің үлесін айқындайтын процестер үлкен геологиялық уақыт аралығында жүреді, қазіргі фотосинтез оған айтарлықтай әсер етпейді. Денниң мұны The Conversation басылымындағы мақалада түсіндірген.
Соған қарамастан, «Амазон әлемдегі оттегінің 20 пайызын өндіреді» деген миф кең тарап, ондаған жылдан бері айтылып келеді. Оның қайдан келіп шыққаны әлі күнге дейін жұмбақ.
Малхи мен Коэнің пікірінше, бұл аңыз «Амазон орманы құрлықтағы фотосинтезден түзілетін оттегінің шамамен 20 пайызына үлес қосады» деген фактіден бастау алуы мүмкін. Алайда осы дерек қате бұрмаланып, халық арасында «атмосферадағы оттегінің 20 пайызы» деген түсінікке айналып кеткен.
Олай болса, Амазонияның маңызы неде?
Әрине, ғаламшардағы оттегі өндірісіне азғантай ғана үлес қосатыны Амазон алабының маңызын еш төмендетпейді. Ол қазіргі күйінде атмосферадан орасан мол көмірқышқыл газын сіңіріп алып, Жердің тынысын жеңілдетеді. Коэ Амазонияны «ғаламшардың өкпесіне» емес, жер бетін салқындататын алып кондиционерге ұқсатады.
Шын мәнінде, Амазон тропик орманы – климат өзгерісін бәсеңдетуде табиғат берген ең қуатты тетіктердің бірі. Дәл осындай маңызды рөлді орталық Африка мен Азиядағы тропик ормандар да атқарады. Дегенмен кейінгі жылдары Амазония секілді олар да өртке қауқарсыз болып отыр.
Амазон тропик орманы Оңтүстік Америкадағы жауын-шашын айналымын тұрақтандыруда елеулі қызмет атқарады. Оған қоса, ол Амазон алқабында өмір сүретін қауымдардың, соның ішінде Амазонияның байырғы халықтарының, оған қоса, сан алуан жануар мен өсімдік түрлерінің жалғыз панасы.
Сан-Паулу университетіндегі Озық зерттеулер институтының климаттанушы ғалымы Карлос Нобре: «Амазон алабының биоалуандығы жайлы айтып жүргендер аз. Шын мәнінде, ол Жер бетіндегі ең бай экожүйе. Алайда климат өзгерісі мен тропик орманның жойылуы ұлы қазынаға қатер төндіріп отыр», – дейді.
Амазонияның әлемдік маңызын көрсету үшін оны кейде өкпеге теңейді. Мұндай құбылту орманды сақтайық деп үндеу тастауға ықпал еткені де рас. Дегенмен зерттеушілердің айтуынша, бұл салыстыру қисынға келмейді. Түптеп келгенде, өкпе оттегіні бөліп шығармайды, керісінше оны ішке тартады.
Қорытындылай келе, Нобре былай дейді: «Жұрт Амазонияны өмір, тұрақтылық пен амандықты сақтап тұратын ағзаның негізгі бөлігі – өкпеге теңегісі келсе, символикалық тұрғыдан ондай салыстыру жасауға болады. Бірақ физикалық тұрғыдан қарасақ, шын мәнінде [Амазон тропик орманы] әлемнің өкпесі емес».

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.
