4Қыр

Жайық сағасындағы тіршілік

Ақтаудағы Каспий көлінің жағасына барып (көлеміне байланысты халық оны «теңіз» деп атап кеткен), демалып көрген отандастарымыз аз емес шығар. Дегенмен Каспийді Атырау облысынан да тамашалауға болатынын бәрі біле бермейді. Теңіздің Маңғыстау жағалауы құмды, демалысқа жайлы. Ал Атырау облысындағы жағдай басқаша. Каспийдің шексіз көгілдір айдынын көрем десеңіз, міндетті түрде қайыққа мініп, қамысты су арнасын бойлай жүзіп отыруыңыз керек. Мұнда сізге биоалуандығы ерекше Жайық өзенінің тұмса атырауы ашылады. Ол жер – өсімдіктер, аңдар мен құстар, оның ішінде Қызыл кітапқа енген түрлердің де мекені. 

Мәтін мен фотосуреттердің авторы: Юлия Вахмистрова

Табиғатпен етене танысуға ниеттеніп, шағын «жорыққа» аттандық. Қолға алған «қаруымыз» – фотоаппарат пен дүрбі. Бізді Дамбы ауылдық округіндегі айлақта моторлы қайықтар күтіп тұрды. Су көлігіне мініп, жeлдің бағытымен oңтүстіккe қарай жүзіп кeттік. Бастапқыда көрініс қаладағыдан аса ерекшелене қоймады: жағада қамыс, тал мен жидe өскeн. Бірақ тeңізгe жақындаған сайын ағаштар сирей бастады. Қызыл кітапқа енген қанаттыны – қарабас өгізшағаланы кездестірдік. Жанында әлі толық өсіп-жетіле қоймаған балапаны жүзіп жүр. Оның басы келер жылға қарай бір-ақ қараяды.

Жағалау маңында жылаңқышөп гүлдеп тұр. Күлгін түсті күлтесі шілде-тамыз айларында Жайықтың сағасын ерекше құлпыртып жібереді. Бұл өсімдікке «жылаңқышөп» деген атау тегін емес. Бойына көп ылғал жиналған кезде ол «жылай» жөнеледі, яғни жапырағынан су тамшылары бөліне бастайды. Шөп осындай әдістің көмегімен бойындағы су тепе-теңдігін ретке келтіреді.

Қамыс арасынан шибөрілерді байқадық. Олар өте сақ, өте үркек. Бізді көрген бойда тұра қашты. Десек те біреуін фотоға түсіріп үлгердік. Шибөрілер бүркемеленудің хас шебері болып шықты! Әдетте неліктен оларды байқай бермейміз деп таңырқаудың қажеті жоқ екен.

Жайық атырауында көзге жиі түсетін құстар – көкқұтандар мен үлкен суқұзғындар.

Жиде ағашына қонақтап отырған жас аққұйрық субүркітті көзіміз шалды. Ол да Америкадағы әйгілі «немере ағасы» – ақбас субүркіт секілді балықпен қоректенеді. Сол себепті әрдайым су айдындарының маңын мекен етеді. Көп ұзамай бір қарға ұшып келіп, оны үркітіп жіберді. Субүркіт еш қарсыласпай, қарғаға тиесілі аумақтан тезірек кетуге асықты. Бұл құстар бір-біріне табиғи жау, олар үнемі аумақ үшін бәсекелесіп жүреді. Аққұйрық субүркіт – Қазақстандағы ең ірі құстардың бірі…  Өзен үстінде маңғаздана самғағанын бірер минут бойы тамашалап тұрдық. Артынша алып құс қалың тоғайдың ішіне еніп, көзден ғайып болды.

Жағалауда ақ және сары шақшақайлар зыр жүгіріп жүр. Оларды мұнда да кездестірем деп ойламаған едім!

Өзен мен теңіз түйіскен тұста ауыр техниканың үні естіледі. Жайықтың түбін қазып, тереңдетіп жатыр. Өзен маусымдық ауытқуларға бейіл келгендіктен, арнасын лай мен құмнан тазартып отыру қажет.

Көп ұзамай биік өскен шөп атаулы мүлде жоғалып, орнын құмды мүйістер мен ондағы суқұзғын колониялары алмастырды. Теңізден салқын леп есіп, ерекше жағымды, сергітетін жұпар иіс аңқыды. Міне, біздің қарт Каспий! Неғұрлым әрі жүзген сайын, су да соғұрлым тұнығырақ бола түсті. Ақыры көкжиек шексіз кеңейіп, аспанмен астасып кеткендей көрінді. Баяу тербелген қайықта отырып, теңіздің саф ауасымен терең тыныстап, компастың көмегімен Ақтау, Астрахань, Баку мен Иранның қай бағытта екенін анықтадық. Бізді олардан бөліп тұрған жалғыз дүние – Каспий теңізі! Осыны түйсінгендегі сезім өте әсерлі екен.

Қайтар жолда су желқумасы (теңізден ескен желдің өзен суын кері айдауы) дейтін құбылыс болатын жерлерді бақылап өттік. Кішкентай шалшықшы лай арасынан ұсақ моллюскілерді теріп, қорегін іздеп жүр.

Ал құрғақ құмда алабажақ қоңыз кетіп барады. Қоңыздың бұл түрі «желісті ызылдауық» деп аталады. Атырау облысының басқа жерлерінен оны еш кезіктірген емеспін.

Қабан мен шибөрінің ізі сайрап жатыр. Бұл аймақта олар да жиі ұшырасады.

Бұл жақтың табиғаты ерекше. Мұнда өзен теңізге айналып, сулы-батпақты алқаптар шөлейтпен шекараласып жатады. Осы жерден құстардың халықаралық маңызы бар миграция жолы – Шығыс Африка мен Орталық Азияның көші-қон дәлізі өтеді. Әйтсе де, осы жердің табиғаты тым нәзік әрі қорғауды қажет етеді. Біз тұмса табиғатқа араласа алмаймыз, тек сырттай бақылаушы болуымыз керек.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.