29Там

Зерттеуші: Ғалымдар мен фермерлеріміз екі жақта

Жаһандық жылымықтың азық-түлік өндірісіне тигізер әсері орасан. Nature журналы жариялаған зерттеуге сәйкес, температура 1°C көтерілген сайын жер бетіндегі әр адамға өндірілетін азық-түлік мөлшері 120 калорияға кемиді. Қазақстанда да кейінгі жылдары жер тозып, қуаңшылық жиілеп, температура көтерілді. Қиын жағдайдан шығатын жол бар ма? Гидрогеолог Бақтыбек Дүйісбек фермерлер мен ғалымдар арасындағы байланыс нығаймай, ахуал оңалмайды дейді. National Geographic Qazaqstan зерттеушімен сұхбат құрды. Ол елдің оңтүстік-шығысындағы су ресурстарының жай-күйі, жауын-шашынның маусымдық бөлінісі және АҚШ-тағы тәжірибе туралы айтты.

Бақтыбек мырза, ең әуелі қазіргі зерттеп жүрген тақырыбыңызға тоқталсақ?

Мен Қазақстанның оңтүстік-шығыс өңіріне климаттың өзгерісі қалай әсер ететінін зерттеймін. Нақтырақ айтқанда, климат өзгерісінің су ресурстары мен өсімдік шаруашылығына ықпалы қандай болатынын қарастырамын. Үш жыл бұрын Ұлыбританиядағы Ридиң университетінің докторантура бағдарламасын аяқтадым. Докторлық диссертациямда Алматы өңіріндегі жүгерінің өнімділігіне климаттың әсері мен осы дақылдың жақсы өсуіне қажет су мөлшері климатқа байланысты қалай өзгеретінін зерттеген едім.

Климаттың өзгерісінен ғасырлар бойы сақталып келген тау мұздықтары ери бастады. Бұдан бастапқы кезде ауыл шаруашылығына қажетті су молайғандай көрінуі мүмкін. Алайда кейін мұздықтар еріп біткен соң, жаз мезгілінде, әсіресе ауыл шаруашылығы дақылдарын суару кезеңінде тапшылық туындауы ықтимал. Бұл – алаңдатарлық мәселе. Ал жауын-шашынға келер болсақ, климат өзгеруінен өңірде оның мөлшері бірден күрт азаймаса да, маусымдық өзгерістер анық байқалады. Сандық мәліметтерге қарасаңыз, жылдық жауын-шашын шамамен бір деңгейде болуы мүмкін, бірақ оның таралу уақыты мен үлгісі өзгеріп жатыр. Яғни, жауын-шашын бұрынғыдай тұрақты уақытта жаумайды. Бұрын сәуір айында көбірек жаңбыр жауатын болса, қазір ол басқа айларға ығысуы мүмкін немесе жауынның ұзақтығы мен қарқыны өзгеруі ықтимал. Бұл құбылыстардың ауыл шаруашылығына әсер ететіні сөзсіз, себебі өсімдіктердің өсу кезеңінде ылғалдың дұрыс уақытта, дұрыс мөлшерде түсуі маңызды. 

Қазіргі сәтте «Жас ғалым» және Fulbright бағдарламаларының қолдауымен кезекті зерттеу жобамды АҚШ-та жалғастырып жатырмын. Бұл жолы аймақтағы судың толық айналымы – «су бюджетін» (water budget) бақылайтын модель құрастырмақпын. Яғни, көктен түскен жауынның қанша бөлігі қайта буланып кететінін, қанша бөлігі шаруашылыққа жұмсалып, қанша бөлігі жерге сіңіп жатқанын анықтауға көмектесетін жүйе әзірлеп жүрмін.

Кейінгі бір жарым жыл көлемінде жүргізген жұмысым – өңірдегі жауын-шашын мөлшерін зерттеу. Бұл үшін Қазгидрометтің жауын-шашын стансалары мен Қытайдағы ұқсас стансалардың деректерін біріктірдік. Біздегі жауын-шашын стансалары, гидро және метеостансалар тек бір нүктедегі деректерді береді. Ал бізге бұл деректерді жалпы ауданға немесе кеңірек аумаққа бейімдеу қажет. Сондықтан жерсеріктік деректерді де қолдандық. Қазір бұл кезеңді аяқтадым, деректердің қаншалықты сәйкесетінін салыстырдық. Сөйтіп бізге келіп жатқан судың мөлшерін нақтырақ білдік.

Ендігі келесі кезең – эвотранспирация үрдісін зерттеу. Яғни, өсімдіктен буланып, ауаға кетіп жатқан cу көлемін өлшейміз. Ал осыдан кейін жобаның қорытынды модуліне көшеміз. Зерттеудің қорытынды модулінде қанша су жер астына сіңіп жатқанын анықтауымыз қажет. Соның арқасында су айналымының толық циклін бақылауға мүмкіндік алмақпыз.

Жүгері шаруашылығына климат өзгерісінің әсерін зерттеп жүріп, зерттеу бағытыңызды су ресурстарына қарай бұруға не түрткі болды?

Елімізде су ресурсы бойынша шынайы жағдайды көрсететін нақты деректер жетіспейді. Қазақстанда ғана емес, жалпы Орталық Азияда сандық мәліметтер өте аз. Жерсеріктік деректер бар дейміз, бірақ олар бәріне бірдей қолжетімді емес әрі сапасы да төмен. Мысалы, бізде жерсеріктік мәліметтер тек 500 метрлік дәлдікпен ғана алынады. Ал Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 1 метрге дейін жеткен.

Менің арманым – фермерлер смартфон арқылы өз жерінің кейінгі ондаған жылдағы жауын-шашын, температура, булану мәліметтерін көре алатын бірыңғай ашық платформаны іске қосу. Мұндай жүйе өнімді жоспарлауда, тәуекелді азайтуда және су ресурсын тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады. Орталық Азияда булану мен транспирацияны нақты өлшейтін бірде-бір мұнара жоқ. Бізге осындай инфрақұрылым қажет.

Мұндай мұнаралар көмірқышқыл (CO₂) мен басқа да газдардың, ылғалдың топырақ, өсімдіктер және ауа арасындағы алмасуын өлшейді. Фото: LI-COR Biosciences

Дамыған елдерде ашық мәліметтер фермерлердің дұрыс шешім қабылдауына көмектесіп жатқанын көреміз. Одан бөлек, шешім қабылдау үдерісі автоматтандырылған. «Мынадай мөлшерде су берсем, қанша өнім аламын?», «Осынша тыңайтқыш бергенде, нәтижесі қандай болады?» – деген секілді сұрақтарға олар модульдеудің арқасында нақты жауап ала алады. Бізде ондай модульдеу өте аз қолданылады. Біріншіден, фермерлеріміздің білімі жете бермейді, екіншіден, жаңа технологиялардың ену қарқыны баяу. 

(Оқи отырыңыз: Қазақстанда да климат өзгеріп жатыр. Шаруалар оған дайын ба?)

Қазір жүргізіп жатқан зерттеулерімнің басты мақсаты – сандық мәліметтерді көбейту, оны жүйелеу және оларды нақты қолдануға ұсыну. Өкінішке қарай, Орталық Азияда бұл бағыт кенже қалып отыр.

Одан кейінгі мәселе – дәлдік деңгейінің төмендігі. Дәлдікті арттыруға бағытталған жұмыстар да қажет. Осы бағытта жұмыс істейтін мамандар саны артса, Қазақстан бойынша бірыңғай ортақ платформа жасап шығуға болады. Сол платформаны шаруаларға тегін ұсынсақ, олар өз өңірін таңдап, нақты деректерді көре алар еді. Мысалы, кейінгі 30 жылдағы жауын-шашын мөлшері қанша болды дегендей. Картадағы бір нүктені тінтуірмен түрткенде, сол жерге қатысты бүкіл мәлімет шығатын жүйе құрастырсақ, бұл – фермерлер үшін зор көмек.

Сонда фермерлердің оңтайлы шешім қабылдауына көмектесетін деректер елімізде мүлдем дерлік жоқ па?

Қазақстанда аграрлық деректер мүлдем жоқ деуге де келмейді. Елдегі ғылыми-зерттеу мекемелерінің ондаған жыл бойы жүргізген бақылаулары, жинаған мәліметтері бар. Бірақ оны қарапайым шаруалар пайдаланып жатқан жоқ. Өйткені ғалымдар мен фермерлер арасында байланыс үзілген. Бірер жыл бұрын жүгері шаруашылығын зерттеу кезінде фермерлермен сөйлесе келе байқағаным, бізде бір ғана жүгерінің елуге жуық сорты өсіріліп жатыр. Олар жан-жақтан әкелінген: біреуі Түркиядан, біреуі Америкадан, енді бірі Қытайдан дегендей. Шетелден келген тұқымдар басқа климаттық жағдайға бейімделген. Сондықтан олар бізге сәйкес келмеуі мүмкін. Содан соң «бұл тұқым жарамайды екен» деп, келесі жылы басқа сортқа ауыстырады. Осылай фермерлеріміз уақыт жоғалтады. Ал бізде 50-60 жылдық тарихы бар зерттеу институттары бар. Олардың қолында сандық мәліметтер, ғылыми деректер, әзірлеген ұсыныстары бар. Осы ақпаратты кеңінен қолжетімді етіп, фермерлерге ұсыну қажет.

Келесі бір мәселе – фермерлердің аграрлық білімінің төмен болғаны. Осының салдарынан ресурстар рәсуа болып жатқанын көріп отырмыз. Мысалы, өсімдікке артық су беруге болмайды. Әр дақылдың өзіне қажет су мөлшері бар. Мөлшерінен көп су өнімділікті арттырмайды, тек ысырапқа алып келеді. Бірақ көп фермер мұны білмейді. Себебі олар «көбірек су берсек, көбірек өнім аламыз» деп ойлайды. Дегенмен фермерлерді айыптай берген де жөн емес. 

Олай болса, бұл мәселеге қандай шешім ұсынасыз?

Оларға дұрыс ақпарат беріп, білімін толықтыруға жағдай жасауымыз керек. Фермерлер климаттың өзгеруіне немесе судың ысырап болуына көп мән бермейді. Өйткені олардың басты мақсаты – салған ақшасын қайтару, кем дегенде, шығынын жабу. Қазақстандағы фермерлер қазірдің өзінде түрлі қиындыққа тап болыпжатыр. Өзіміз сөйлескен шағын шаруашылық иелері егін егеді, бірақ әрі қарай қалай болатынын білмейді. Сатуға мүмкіндік болар-болмасы, күзде баға қалай өзгеретіні белгісіз.

Зерттеу жобасымен АҚШ-та жүргеніңізді айттыңыз. Ол жақтағы фермерлердің жағдайы қалай екен? Онда да біздегідей мәселелер бар ма?

АҚШ-тың бірнеше штатын аралап көрген едім, ол жақтағы жағдай мүлде басқаша екенін байқадым. Небраска штатына бардым. Сол жақтағы жүйемен таныстым. Ондағы фермерлер зерттеу институттарымен, университеттермен тығыз жұмыс істейді. Мамандар фермерлердің кеңес сұрап келгенін күтпей-ақ, өздері барып көмектеседі.

АҚШ-та бір ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқан «extension» деген жүйе бар екен. Бұл жүйе кейінгі он-жиырма жылда қарқынды дамып келеді. Оның мақсаты – жергілікті өңірге барып, фермерлермен бірге жұмыс істеу, оларға білімі арқылы қолдау көрсету. Университетте жинақталған ғылыми білімді фермерлерге жеткізу маңызды. Фермерлер тек жоғары өнім алу үшін немесе ақша табу үшін ғана емес, қоршаған ортаға, экологияға, адамдардың денсаулығына зиян келтірмей, жауапкершілікпен жұмыс істеуі қажет. Сол үшін мамандар барып, оларға сабақ өтіп, бірге жұмыс істеп, қолдау көрсетуі керек.

Фермерлермен жүйелі жұмыс істеп қана олардың қоршаған ортаға қатысты түсінігін өзгерте аламыз. Олардың білімі артып, орнықты дамуына жағдай жасалғаннан кейін өнім көлеміне емес, басқа да маңызды факторларға мән бере бастайды.

Мен Небраскаға барғанымда бір ғана штаттың өзінде үш миллион гектар жер суарылатынын көрдім. Ал біз Қазақстан бойынша әлі екі миллион гектар жерді суаруға толық мүмкіндік жасай алмай отырмыз. Ал оларда бір штаттың өзінде егістіктің 85 пайызы суармалы. Ондағы шаруалар бүркіп суару жүйесін қолданады. Ол арзан емес, алайда табиғи ресурстарды қорғауға жауапты арнайы орган фермерлерге субсидия береді. Субсидия беріп қана қоймай, тіпті тегін трениңдер өткізеді. Мысалы, заманауи технологиялармен жұмыс істеуді үйретеді. 

Бір ғана Небраска штатында 3 млн гектарға жуық жер суарылады, бұл бүкіл Қазақстанның суармалы жер көлемінен үлкен. Небраскалық фермерлер бүркіп суару жүйесін қолданады. Фотосуреттің авторы: Chad Peltola / Unsplash

Сонымен қатар, фермерлерге жыл сайын судың сапасын, топырақтың құрамын тексеріп отыруға кеңес береді, оны қай жерде жасауға болатынын көрсетеді. Топырақтағы тыңайтқыштың мөлшері қандай болу керек, қай кезде не қолдану керек – осының бәрін түсіндіретін арнайы каталог беріледі. Бұл жүйе нақты және түсінікті. Осындай істерді тек фермерлерден күту дұрыс емес. Бұл – бүкіл қоғам болып, жергілікті әкімдік, колледждер, университеттер бірлесіп атқаратын жұмыс. Еліміздің әр өңірінде колледждер мен университеттер бар, солар фермерлермен тікелей байланыс орнатуы керек.

Зерттеуші Бақтыбек Дүйісбектің Небраска штатындағы егіс алқабын аралап жүрген сәті. Фотосурет кейіпкердің жеке архивінен алынған.

Қазақстанда да кейінгі жылдары су үнемдеу технологияларын субсидиялау, шаруаларды сүйемелдеу шаралары қарқын ала бастады. Мәселен, су үнемдеу технологиясын енгізуге жұмсаған шығын 85 пайызға дейін субсидияланады. Бұл шаралар елдегі шаруалардың климат өзгерісіне бейімделуіне қаншалықты көмектеседі?

Ағылшын тілінде “maintenance” деген ұғым бар, яғни жабдықты алғаннан кейін, оны күтіп ұстау керек. Су үнемдеу аппараттарын қолданысқа енгізген соң, бір-екі жылда түрлі мәселе туындайды: бір жері бітеліп қалады, істен шығады. Ал шаруалар әрі қарай оны қалай жөндейтінін білмейді. Аппаратты сатқан компаниялар көбіне шетелдік болып келеді: Иран, Израиль, Түркия немесе Қытай компаниялары. Олар жабдықты тек сатады, бірақ қызмет көрсетпейді, фермерлерге үйретпейді. Ал бұл аппараттар күтімді қажет етеді. Олардың 5-10 жылдық мерзімдік жұмыс істеу тәртібі бар. Мұның бәрін фермерге түсіндіру керек.

Жалпы алғанда, мемлекеттің субсидиялау шешімін құптаймын. Бірақ қолдайтын жүйе болмаса, ұзақ мерзімді тиімділігі болмайды. Менің айтқым келетіні, жергілікті шағын компаниялар көбеюі керек. Жергілікті мамандар қажет. Олар тек жабдықты сатумен шектелмей, қызмет көрсетуді, кеңес беруді, үйретуді қатар алып жүруге тиіс. Жылына бір-екі рет фермерлерге барып, жағдайын бақылап, көмектесіп тұруы қажет.

Субсидиямен жабдық алып, кейін оны дұрыс қолдана алмай, істен шығарып қойған бірнеше адамды көргенім бар. Олар ақыр соңында, «біз істете алмадық» деп қоя салады. Кейде үкімет те кешіріммен қарап, «жарайды, бопты» деп жаба салады. Бұл дұрыс емес. Осы жерден қаржы жымқыру секілді неше түрлі былықтар шығады. Сондықтан бізде жергілікті кеңес беруші компаниялар, фермерлерге жақын орналасқан сервистік орталықтар көбірек болуы керек. Қазір көп компаниялар сырттан келеді, бірақ әрі қарай қызмет көрсетпейді. Жабдықты сатып кеткен соң, оған ешқандай кепілдік бермейді. Бұл – үлкен мәселе.


Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.