Бүгін, 13 тамыз, Халықаралық қасқыр күні атап өтіледі. Бұл күн қасқырлардың табиғаттағы маңызын, олардың қоршаған орта мен экожүйедегі рөлін түсінуге шақырады, түз тағыларын қорғау қажеттігін еске салады. National Geogrpahic Qazaqstan осы айтулы датаға орай қасқырлар туралы бірнеше қызық дерек пен фактілер ұсынады.

Түз тағысының көрінбейтін қызметі
Қасқырлар – орман санитары. Бұл сөзді жиі естіген боларсыз? Иә, қасқырлар шынында да табиғаттың «санитарлары». Олар көбіне ауырып әлсіреген немесе жарақаттанған жануарларды аулайды. Сөйтіп киік, елік, марал секілді жануарлардың арасында ауру-сырқаудың таралмауын «қадағалайды». Әрине, түз тағылары өзге де жыртқыштар сияқты балғын етпен қоректенгенді жақсы көреді. Алайда мұндай олжа табиғатта күнде бұйыра бермегендіктен, қажет жағдайда өлексені де жей береді. Сөйтіп аурудың таралу қаупін азайтады.
Инфекция таралмауын «қадағалау» – қасқырлардың экожүйеде атқаратын функцияларының біреуі ғана. Одан бөлек, бөрілер флораның қалпына келуіне, тұмса табиғаттағы тепе-теңдіктің сақталуына жауап береді. Мәселен, 1995 жылы АҚШ-тағы Йеллоустоун саябағына қасқырлар жіберілген соң, парктегі бұғылар бұрынғыша еркін жайыла алмай, соның әсерінен шөптесін өсімдіктер азырақ тапталғанын зерттеулер анықтаған. Тіпті су жағасына өсімдіктердің қаулай өсуі өзен арнасының жақсаруына ықпал еткен. Шөптердің тамыры топырақты бекітіп, судың шайып кетуінен, яғни эрозиядан қорғаған. Сонымен қатар қасқырлардың келуі ұсақ жануарларға, құстарға күн көрсетпейтін койот, шибөрі секілді жыртқыштардың азаюына әсер етті. Ал бұл тұмса табиғаттағы биоалуандықтың артуына үлес қосты. Кейбіреулер қасқырлардың Йеллоустоундағы рөлі асыра бағаланып жатқанын, экожүйенің қалпына келуіне басқа факторлар да ықпал еткенін айтады, дегенмен мұндай сын түз тағыларының табиғаттағы маңызын жоққа шығара қоймайды.
Қазақстандағы «көшпелі» және «отырықшы» қасқырлар
Қазақстан аумағында қасқырдан ірілеу келетін қоңыр аю, ілбіс секілді жыртқыштар болғанымен, көпшілік жұрт әдетте ең қауіпті, ең қорқынышты жыртқыш деп қасқырды есептейді. Өйткені қасқырлар ірірек жыртқыштармен салыстырғанда, Қазақстанның бүкіл аумағында кездеседі. Олар топтасып та, саяқ жүріп те өмір сүре береді.

Фотосуреттің авторы: Владислав Якушкин
Қазақстан Зоология институтының Биоценология және аңшылықтану ғылыми зерттеу орталығының меңгерушісі Константин Плаховтың айтуынша, Қазақстан аумағындағы қасқырлар өмір салтына қарай екіге бөлінеді. Бір тобы киіктердің соңынан ере көшіп жүрсе, екінші бір тобы белгілі бір шекарадан аспай, тұрғылықты жерінде мекендейді. Бұл екі топтың өмір салты мен аң аулау тактикасы да әртүрлі: «көшпелілер» көп уақытын қозғалыста өткізсе, «отырықшылар» аймақты жақсы танып, жемтігін жасырын аңдуға бейім.
Саны белгісіз түз тағысы
Үкіметтің ресми мәліметі бойынша, елімізде азулы жыртқыштардың саны 15 мыңға жуықтайды. Алайда Қазақстанда қасқырлардың нақты саны қанша екенін білу – күрделі мәселе. Кейде жекелеген аймақтарда эпизодтық бақылау жасалады. Дегенмен Плаховтың айтуынша, осы уақытқа дейін елдегі қасқыр популяциясына жүйелі санақ жүргізілген емес. Бұрынырақта қасқыр популяциясын аңшылар аулаған қасқыр терілерінің санына қарай шамалайтын. Мысалы, белгілі бір облыста жүздеген тері тапсырылса, ғалымдар сол мәлімет арқылы шамамен қанша қасқыр барын болжап келді. Түрлі зерттеулер 1980–1990 жылдары ел аумағындағы қасқыр санын 30 мыңнан 90 мыңға дейін түрліше көрсетті. Плахов шын мәнінде олардың саны 30–50 мың аралығында болған деп топшылайды.
(Еуропада қасқырмен будандасқан гибрид-иттерді үй жануары ретінде өсіру сәнге айнала бастады. Бұл үрдістен қандай қауіп бар? Ағылшын тіліндегі мына мақаладан оқи аласыз).
Дегенмен ауланған аң терісіне қарап санау әдісі де нақты көрсеткішті бере алмайды. Қасқыр – өте сақ жануар. Константин Плахов зерттеу барысында жергілікті малшылар айлар бойы қасқыр көрмегенін айтатынын, бірақ зерттеген кезде ол аймақта түз тағылары өмір сүріп жатқаны анықталатынын түсіндіреді. Жыртқыштар сақ жүретіндіктен, оны малшылар айлар бойы байқамауы мүмкін. Осыған байланысты оларды тікұшақ немесе көлікпен жүріп те санау мүмкін емес. Өйткені дыбысты ести сала тығылып қалады.
Қасқырларды санаудың әзірге ең тиімді тәсілі – ұйығу маусымындағы ұлыған дауыстары арқылы популяция санын анықтау. Бірақ әзірге мұндай санақ жүргізілген емес, себебі елде бұған маман жетіспейді әрі ресурс та бөлінген емес.
Шибөрінің көбейгені – қасқырдың азайғанын білдіруі мүмкін
Зоолог Константин Плахов Қазақстанда қасқыр азайды немесе көбейіп жатыр деп нақты айта алмаймыз дейді. Өйткені қолда сенімді сандық деректер жоқ. Бірақ басқа көрсеткіштерге қарап, оның саны кеми түсті деп жорамалдауға болады. Мәселен, кейінгі жылдары Қазақстанда шибөрі саны артып келеді. Плаховтың пікірінше, бұл қасқыр популяциясы азайғанының жанама көрсеткіші болуы мүмкін. Себебі қасқыр мекендейтін жерде шибөрі тұрақтай алмайды, жыртқыш оны өз аумағына жолатпайды. Алайда маманның айтуынша, шибөрілер кейінгі жылдары әдетте мекен етпейтін Маңғыстау өңірінде, Алматының төңірегінде де ұшыраса бастаған. Тіпті бұрын шибөрі көрмеген жергілікті тұрғындардың оны қасқырмен шатастырғаны бар.

Константин Плахов шибөрі санының тым көбеюі экожүйеге төнген қауіп дейді. Олар қасқырға қарағанда бейімделгіш, ұсақ жануарларды, құстарды, талғамай аулап, жұмыртқа да жей береді. Сөйтіп сирек кездесетін түрлердің жойылып кетуіне әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, инфекция тасымалдап, қоршаған ортаға қауіп төндіреді.
Қорыта айтқанда, қасқыр – табиғаттың нәзік тепе-теңдігін сақтайтын маңызды жыртқыш. Оның азаюы немесе көбеюі экожүйедегі басқа жануарлар мен өсімдіктерге тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл түз тағысының популяциясын ғылыми тұрғыда бақылап, табиғи рөлін сақтап қалу – биологиялық алуандықты қорғаудың негізгі шарттарының бірі.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласып, журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.
