Ғылым сізге есте сақтаумен қатар, қажеті жоқты ұмытуға да көмектеседі.

Автор: Шейла Лөв
Бірнеше ай бұрын 20 жастағы Вишва Раджакумар адам сенгісіз нәтижеге қол жеткізді: кездейсоқ таңдалған 80 санды небәрі 13,5 секундта жаттап алды. Бұл секундына шамамен алты санды есте сақтады деген сөз. Осы жетістігінің арқасында ол есте сақтау шеберлерінің халықаралық жарысы – Memory League чемпионатында жеңіске жетті. Басқа бір сайыста қатысушылар араласқан бір бума картаның ретін түгел жаттап шығуға тиіс еді.
Есте сақтау қабілетіңізбен халықаралық жарыста топ жармасаңыз да, жадының жақсы болғаны – бағалы қасиет. Ересектердің төрттен үшіне жуығы кроссворд немесе басқа да ойындарды қызық үшін ғана емес, есте сақтау қабілетін дамыту үшін де ойнайтынын айтады. Себебі жақсы жады – зеректік пен парасаттың, ал ұмытшақтық – салғырттық пен ақыл-ой әлсіреуінің белгісі деп саналады.
Алайда когнитивті ғылым мамандарынан түйгенім, біз есте сақтау қабілетіне тым көп мән беріп, ұмыта білудің де маңызды дағды екенін елей бермейміз. Ұмыта алмасақ, санамыз қажетсіз, ескірген, тіпті жанға бататын естеліктерге толып кетер еді. Көп жағдайда ұмыту автоматты түрде, біз байқай бермейтін деңгейде жүреді. Бірақ ғалымдар адамның не нәрсені ұмытқысы келетінін таңдай алатын қабілетке ие екенін айтады.
Шын мәнінде, ұмыту – жетілдіруге болатын дағды. Ол адамның көңіл күйіне, шығармашылық қабілеті мен өзін тануына оң ықпал ете алады. Кейбір психологтер бүгінде ұмытуды депрессия мен мазасыздық белгілерін жеңілдететін құрал ретінде үйретіп жүр. Оның үстіне, қазіргі шақта есте сақтау міндетін телефон мен әлеуметтік желі секілді технологиялар атқарып жатыр. Бұдан былай жадымызды жақсартуды ғана емес, ұмыта білуді де үйрену бұрынғыдан маңыздырақ бола түсті.
Ұмыту неге пайдалы?
«Адам есте сақтай бастаған сәттен-ақ ұмыта бастайды», – дейді Ньюфаундлендтегі Мемориал университетінің когнитивті нейробиологі Джонатан Фосетт. Оның айтуынша, бұл – жақсы нәрсе. Мысалы, ресейлік журналист Соломон Шершевскийдің жады ерекше мықты болған. Ол шет тіліндегі сөйлемдерді, мағынасыз математикалық формулалар мен ұсақ-түйек деректерді де лезде жаттап ала беретін. Бірақ миында толассыз айналып тұратын естеліктердің кесірінен зейін қоюы қиын еді. Кейде бір естеліктен құтылғысы келіп, оны қағазға жазып, өртеп жіберетін. Дегенмен бұл да көмектеспейтін. Шершевскийді зерттеген невролог А.Р. Лурия: «Ол құртқысы келген «ізді» тіпті от та жойып жібере алмады», – деп жазған.
Қуанышымызға орай, көбімізге бұлай тыраштанудың қажеті жоқ. Ұмыту – көбіне табиғи, бейсаналы процесс. Біз болашақта керек болады-ау деген нәрселерге назар аударып, оларды есте сақтаймыз. Мән бермеген, қажеті жоқ мәліметтер миға «жазылмай» қалады. Ал жазылып қалған естеліктердің өзі уақыт өте әлсіреп, ұмытылуы мүмкін. Бұл – ұмытудың бейсаналы түрі. Кейде жаңа естеліктер ескілерін ығыстырып, орнын басады. Мұндай кезде ми ұмытуға тырыспай-ақ кейбір мәліметті өшіріп тастайды. Мысалы, кілтті қайда қойғаныңызды еске түсіре алмай қалсаңыз, бұл – сол сәтте оған назар аудармағаныңыздың нәтижесі.
«Дегенмен кейде адамдар естелікті саналы түрде ұмытуға тырысады», – дейді Кембридж университетінің когнитивті психологі әрі нейробиологі Майкл Андерсон. «Әдейі ұмыту» деп те аталатын бұл әрекетті адам бір нәрсені саналы түрде ұмытып, есте сақтамауға мүдделі болған кезде жүзеге асырады.
Қалай ұмытуға болады?
Зерттеушілер адамның екі жолмен ұмыта алатынын анықтаған: бірі – естеліктің миға жазылып қалуына мүлдем жол бермей, әу бастан тоқтату, екіншісі – санаға сіңіп кеткен қажетсіз естеліктің қайта бой көрсетуіне кедергі жасап, оны біртіндеп әлсірету.
1. Тікелей ұмыту
Нейробиолог Фосетт бірінші жолды «тікелей ұмыту» деп аталатын зертханалық тәжірибелерінде көрсеткен. Қатысушыларға алдымен сөздер тізімі көрсетіледі. Содан кейін олардың бір бөлігін есте сақтап, бір бөлігін ұмытуларын сұрайды. Соңында адамдар есте сақтауға нұсқау берілген сөздерді жадында жақсырақ ұстап, ұмытуға тиіс сөздерді шын мәнінде ұмытып қалған.
Яғни ми белгілі бір ақпараттың кейін қажет болмайтынын сезсе, оны есте сақтауға күш салмайды. Күнделікті өмірде нені есте сақтап, нені ұмыту керек екенін бізге біреу айтып отырмайды. Дегенмен бұл тәжірибе саналы түрде елемеу арқылы маңызы жоқ ақпаратты ұмытуға болатынын көрсетті.
2. Таңдап ұмыту
Бұл жағдайда адам екі ұқсас естеліктің бірін жиі есіне алып, ал екіншісін елемей, сол арқылы оны біртіндеп өшіре алады. Осылайша біз өткен өміріміздің естеліктерін өзімізше қайта жасай аламыз.
Мысалы, караоке кешінде Pink Pony Club әнін айтып жатып сахнадан құлап кеткен сәтіңізді елестетіңіз. Уақыт өте достарыңызбен сол кешті еске алғанда құлағаныңызды емес, басқа жағымды сәттерді, мәселен, жоғары нотаға жеткеніңізді немесе жарақатыңызға достарыңыздың күлгенін жиі айтсаңыз, осы жағымды сәттер санадағы басым естелікке айналады. «Адам қай естелікті қайта шолып, қай естеліктен бойын аулақ ұстайтынын өзі таңдап, өз нарративін қалыптастырады», – дейді Фосетт. Бұл – адам өзі туралы сенімдеріне сәйкес келетін ақпаратты есінде жақсырақ сақтайды деген сөз. Мысалы, сіз өзіңізді сенуге тұрарлық адаммын деп есептесеңіз, ауырған досыңызға сорпа апарып берген сәтіңізді әрдайым жадыңызда ұстайсыз, ал анаңыздың туған күнін ұмытып кеткеніңіз тез естен шығады. Осылайша бұл естеліктер сіздің сенімді адаммын деген түсінігіңізді одан әрі нығайтады.
Естелікті белсенді түрде басып тастау
Әдейі ұмытудың тағы бір кең тараған тәсілі – жағымсыз естелікті саналы түрде ойдан ығыстырып тастау. Бұл көбіне сол естелікті ойымызға әкелетін қандай да бір белгімен бетпе-бет келген сәтте көрініс табады. Мәселен, бұрынғы сүйіктіңіздің көлігіне ұқсас машинаны көрдіңіз делік. Әдетте бұл өткен шақтағы романтикалық сапарды еске түсіріп, жаныңызды жаралауы мүмкін. Бірақ зерттеушілердің айтуынша, өткенге бой алдырмай, сол естелікті санаңыздан тез ығыстырып тастауға болады.
Майкл Андерсон есте сақтау мен ұмытудың шекарасын зерттеу үшін «Ойла – ойлама» деп аталатын қызық тәжірибе ойлап тапқан. Ол қатысушылардан сөз жұптарын есте сақтап, бір сөзді екінші сөзге белгі ретінде қарастыруын сұрады – мысалы, «көгал – ет». Кейін қатысушылардың кейбіріне «көгал» сөзін көргенде «ет» деген сөзді еске алмауға тырыс» деген нұсқау беріледі. Андерсон бұл процесті физикалық әрекетті тежеумен салыстырады: мысалы, ыстық табаға қол созғанда күйіп қалмас үшін соңғы сәтте тоқтай қалатынымыз бар. Тура сол сияқты, жағымсыз ой санада жылт еткен сәтте оны да дереу тоқтатуға болады. «Ойды тежеу – дене қозғалысын тежегендей маңызды», – дейді зерттеуші.
Андерсон мен әріптестері «Ойла – ойлама» тапсырмасын орындап жатқан адамдардың ми белсенділігін зерттеу барысында қызық құбылысты байқаған. Естелікті еске түсірмеуге тырысқан сәтте ми қимылды тоқтатқан кездегідей тежегіш сигнал жібереді екен. Мысалы, ыстық табаға қол соза бергенде, ми маңызды ескерту жасап, бұлшық етке «тоқта» деген бұйрық береді. Бұл сигнал мидың маңдай маңы қыртысынан қимылға жауапты аймақтарға бағытталады. Ал қажетсіз естелікті тоқтатқанда дәл осыған ұқсас сигнал – гиппокампқа, яғни есте сақтау орталығына барады. Осылайша естелікті еске түсірмеу әрекеті кейін сол естеліктің біртіндеп ұмытылуына ықпал етеді. Сөйтіп уақыт өте келе ми оны шын мәнінде ұмыта бастайды.
Пандемия кезіндегі алаңдаушылықты ұмыту
2023 жылғы зерттеуде Андерсон мен әріптестері адамдарды COVID-19 пандемиясына қатысты мазасыз ойларды саналы түрде басып тастауға үйрете алды. «Ойла – ойлама» тәжірибесін қолданған осы зерттеуде қатысушылар өздерінің мазасыз естеліктеріне – мәселен ауруханаға барып, жақын туысын көрген сәтіне қатысты кілт сөздер ойлап тапты. Оларға кілт сөз – мысалы, «тыныс алу» сөзі көрсетілген кезде, қатысушылардың кейбіріне сол естелікті еске түсіруге, ал қалған бөлігіне елемей қоюға тапсырма берілді. Үш күндік жаттығудан кейін «ойлама» тобының естеліктері әлдеқайда көмескі, сезім тұрғысынан жеңіл болған.
Фосетт бұл жөнінде: «Адамдар саналы түрде ұмытуды үйрене алады. Тіпті мұны арнайы жаттығу арқылы меңгеруге болады», – дейді. Арадан үш ай өткеннен кейін де қатысушыларды жағымсыз естеліктері бұрынғыдай мазаламайтын болды, олардың 80%-ы ойды басу әдістерін әлі де қолданып жүргенін айтты.
Иә, ұмыту кейде расымен оңай болуы мүмкін
Бір нәрсені ұмытайын десең, өз-өзіңе «мұны еске алма» деу тым қарапайым көрінуі мүмкін. Андерсон жүргізген зерттеуге қатысқан кейбір адамдар да басында дәл солай ойлаған. Бірақ үш ай өткен соң қатысушылардың бірі былай деген: «Мұның соншалықты әсерлі боларына сенбеген едім. Бұған дейін ойды ысырып тастау жағдайды одан әрі ушықтырады деп ойлап келдім».
Әлеуметтік психолог Даниел Вегнердің теориясына сәйкес, адамға «бір нәрсені ойлама» деп айту – мысалы, «ақ аю туралы ойлама» деп бұйыру керісінше сол нәрсені ойлауға одан сайын мәжбүрлейді. Алайда Майкл Андерсонның зерттеулері мұның әрдайым дұрыс бола бермейтінін дәлелдеді. Дегенмен ол әдейі ұмыту – жаттығуды қажет ететін дағды екенін айтады. Кей адамдарға бұл оңайырақ келсе, енді біреулерге көп күш салу қажет болады. Бірақ мұны меңгеруге уақыт бөлу менталды саулық үшін өте пайдалы болуы мүмкін. Мәселен, COVID-19 пандемиясына қатысты зерттеуге қатысқан, бастапқыда уайымы жоғары болған адамдар, тәжірибеден кейін мазасыздық, жағымсыз эмоция мен күйзеліс деңгейінің айтарлықтай төмендегенін хабарлаған.
Бұған дейінгі зерттеулерде «ойла – ойлама» әдісін жақсы меңгерген адамдар қатігез көріністері бар фильмді көргеннен кейінгі мазасыз ойлардан азырақ зардап шеккені анықталды. 2020 жылы жүргізілген зерттеуге сәйкес, Париждегі 2015 жылғы терактіден аман қалған, бірақ посттравмалық күйзеліс (ПТСБ) белгілері байқалмаған адамдар жағымсыз естеліктерді саналы түрде басуға бейім келген. «Бәрінде де жағымсыз сәттер болады», – дейді Фосетт. – «Караокеде ұятқа қалу немесе біреудің есімін шатастырып алу сияқты. Бірақ мидың бұл секілді ойларды сана түбіне ысырып тастай алатын қабілеті бар».
Технология ұмытуды өзгертіп жатыр ма?
Адам миы қажетсіз ойларды ығыстырып тастай алады, бірақ бүгінгі таңда технология бұл естеліктерді қайта тірілтіп, санаға қайтып оралуына мүмкіндік беріп отыр.
Жуырда iPhone-ымның экраны жарқ етіп, «Сізде жаңа естелік бар» деген хабарлама келіп түсті. Бірер секундтан кейін-ақ Филадельфияның Жаратылыстану музейіндегі тұлып жануарлардың жанында күліп тұрған суреттерімді көрмек болып, мен «Сол күндер…» дейтін слайдшоуды ашып отырдым. Фонда баяу әуен ойнап тұрды. Хабарлама келмей тұрып, біреу менен осы мұражайға барған-бармағанымды сұраса, мен «бардым» деп жауап берер едім. Бірақ диорамалардың нақты көрінісін, олардың қаншасымен суретке түскенімді ұмытып қалыппын. Телефон бәрін қайта есіме салғанда аздап тітіркеніп қалдым: бұл шынымен «жаңа» естелік секілді еді. Өйткені оны ұмытып кеткен едім.
Калифорния университетінің психологі Бенджамин Стормның айтуынша, телефон ескі суретті еске салғанда, ұмытылған естелік қайта жаңғырып, сол оқиғаға қатысты жадымыз күшейе түседі. Мәселен, сіз караоке сахнасынан құлап қалған сәтті жылдар бойы санаңыздан ысырып келдіңіз делік, ал телефоныңыз кенет дәл сол сәттің видеосын шығарып бере салуы мүмкін! Ал осы кештегі суретке түспей қалған басқа сәттер біртіндеп көмескіленіп, ұмытыла бастайды.
Сторм: «Смартфоным жасаған альбомға назар салғаным үшін Филадельфия сапарымның басқа бөліктерін ұмытып кеткен болармын» – дейді. Бұл жағдай аса маңызды емес те шығар, бірақ телефонның нені көрсетіп, нені көрсетпейтіні жадымызға ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2022 жылы 9to5Mac сайтының журналистері iPhone-ның «естеліктер» функциясы Холокост мемориалы сияқты кейбір сезімтал орындарда түсірілген суреттерді альбомдарға автоматты түрде қоспайтынын анықтаған. «Технология біздің қалай есте сақтауымызға әсер етуі мүмкін деген ойдың өзі-ақ алаңдатады», – дейді Сторм. Смартфондар бір кездері ұмытып кеткен сәттерімізді «жаңа естелік» деп қайта-қайта көрсетіп, ал кейбірін мүлде көрсетпей қойған заманда ұмыта білу қабілетін шыңдау бұрынғыдан да маңызды бола түсті.
Фосеттің пікірінше, адамдар жадыны жақсартуға әрдайым ұмтылады. Бірақ есте сақтау техникасымен қатар, жақсы ұмыта білуді де үйрену керек. Ұмыту мазасыздықтан арылуға көмектесіп, біздің кім екенімізді қайта құруға мүмкіндік береді. Ол сонымен қатар естеліктерімізді икемді етеді. Бостон университетінің нейробиологі әрі National Geographic зерттеушісі Стив Рамирестің пайымынша, ақыл-ойдың бұлдырлығы – біздің шығармашылық қабілетіміздің қайнары болуы мүмкін. «Біз естеліктерді құрылыс материалы секілді пайдаланып, оларды жаңа жолмен біріктіріп, қайта құра аламыз. Сөйтіп белгісіз болашақты болжауымыз мүмкін», – дейді ол. Ал егер мида ескі, өшпейтін, ұмытылмайтын мәліметтер ғана толып тұрса, біз жаңа нәрсе ойлап таба алар ма едік?
Андерсонның айтуынша, өмірдегі барлық жағымсыз естелікті ұмытуға тырысудың қажеті жоқ. Бірақ адам саналы түрде ұмыта алатынын, тіпті күнделікті өмірде мұны жасап жүргенін мойындағаны жөн. Иә, бұл қабілет сізге есте сақтау чемпионатында жүлде әпермес, бірақ ұмытылған естеліктер де өміріңіздің ажырамас бөлігі екені даусыз.

Қадірлі оқырман, әлемдік деңгейдегі зерттеулерді фото және инфографика, карта түріндегі көрнекі безендірулерімен оқығыңыз келсе, мына нөмірге +7 771 149 9144 хабарласу арқылы журналымызды жаздырып алуыңызға болады немесе төмендегі «САТЫП АЛУ» батырмасын басып, Каспи арқылы жаңа журнал сатып ала аласыз.
